Қоғам

«Жемқорлыққа жол жоқ» акциясы

Не бары 3 ай ішінде қаржы полицейлері 32 сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкерелеген. Оның дені – бюджет қаражатын жымқыру және парақорлық әрекеттер болып табылады.

 

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

– Мысалы 8 факті парақорлыққа қатысты, 10-нан астамы мемлекет мүлкін талан-таражға салуға байланысты. Биыл былтырғыға қарағанда қылмыс көбірек әшкереленді. 2012 жылы – 29 , биыл – 32.

 

Аяқталған істер бойынша келтірілген шығынның мөлшері – 1 млрд теңгеден астам. Оның 2,3 млн теңгесі мемлекет қазынасына қайтарылыпты. Жыл басынан жемқорлық қылмысы үшін 1 адам бас бостандығынан айырылған.

 

Ермекбай Қожахметов, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:

– Петропавл қалалық соты Петропавл қаласы ІІБ әкімшілік полициясы бөлімінің учаскелік инспекторын 3 жылға соттады. Ол есірткіге тәуелді адамды мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберуге арналған құжаттарды тез арада әзірлеуді ұсынған. Бұл қызметі үшін 100 мың теңге талап етіпті.

 

Қазіргі таңда полицияның бұрынғы қызметкерінің мүлкі тәркіленіпті. Жалпы «Жемқорлыққа жол жоқ» акциясы заңның ала жібін аттағандарды жазалауға емес, қылмыстың алдын алуға бағытталған. Шарадан нұротандықтар да шет қалмады.

 

Мұрат Жәкенов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ партиялық бақылау бекеттері комиссиясының инспекторы:

– Акция аясында «Нұр Отан» ХДП түрлі байқаулар ұйымдастыратын болады. Үздік суреттер мен БАҚ -дағы жемқорлық тақырыбындағы үздік мақалалар мен сюжеттер іріктелінеді. Жеңімпаздар марапатқа ие болмақ.

 

Сондай-ақ, партиялық бақылау бекеттері арасындағы үздігі анықталмақ. Барлығы өңірімізде 68 бекет жұмыс істейді екен. Оның 23-і облыс орталығында.

 

Инеш Шоқақова