Қоғам

«Мұнаймашта» зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланды

 

Зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы заң жобасы бүгінде ел көлемінде қызу талқыланып, кеңінен таныстырылуда. Осы орайда “Мұнаймаш” АҚ жұмысшыларына да жаңашылдықтың тиімді тұстары таныстырылды.

 

Наталья Миронова, СҚО бойынша халықты әлеуметтік қорғау және қадағалау департаменті директорының орынбасары:

– Зейнетақы жүйесін жаңғырту 4 бағытты қамтиды. Бұл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, жүйенің тиімділігін арттыру және зейнетке шығу жасын ұлғайту, соның ішінде әйелдер мен ер адамдардың жасын теңестіру.

 

Жиында жұмысшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Солардың бірі – бала күтіміне байланысты демалыс кезінде әйел адамдардың қажетті еңбек өтілін жинау мәселесі.

 

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқармасының төрағасы:

– Әйелдердің басты міндеті – бала өсіріп, оның тәрбиесімен айналысу. Ана атанған әйелдердің кемінде 3 жылы бала тәрбиесіне кетеді. Осылайша, бірнеше бала тәрбиелеген адамға шамамен 10-12 жыл керек. Сонда ол зейнетақы жүйесіне қажетті еңбек өтілі мен қаржыны қайдан алады?

 

Наталья Миронова, СҚО бойынша әлеуметтік қорғау және қадағалау департаменті директорының орынбасары:

– Бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, еңбек өтілі жүре береді. Ал, жұмыс істемейтін анаға әрбір баласы үшін 3 жыл еңбек қосылып отырады. Ал, келесі сәбиі 1,5 немесе 2 жылдан кейін туса, тағы сонша уақыт қосылады.

 

Бүгінде «Мұнаймаш» АҚ ауыр еңбек жағдайындағы өндіріс орындары қатарына жатпайды. Кәсіпорын жұмысшылары қанша дегенмен  мұндағы жұмыс жеңіл емес дейді. Зейнетақы жүйесін жетілдіру бағытында осындай түсіндіру жұмыстары облыс аумағында күнделікті өткізілуде.

 

Әспет Әбдірешова