Мәдениет

Этно-рок стиліндегі концерт

Осыдан бір жыл бұрын құрылған жас музыканттар тобы бүгін көпшілік алдында есеп бермек. Кешті ұйымдастырушылар солтүстікқазақстандық тыңдармандар үшін музыкалық жаңалықтарға толы бағдарлама ұсынамыз дейді.

 

Нұрлан Двесов, облыстық филармония директорының орынбасары

– Бүгін фольклорлық және халық әні орындалатын болады. Кештің екінші бөлімінде эстрадалық жанрдағы заманауи әндер шырқалады. Бұл концертті өткізудегі мақсатымыз – жаңа бағыттағы жанрларды насихаттау.

 

«Әлқисса» фольклорлық ансамблі қазақ әуендерін түрлі ұлт аспаптарында орындайды. Музыканттардың тербетуіндегі түрлі музыка бір арнаға тоғысқанда одан ұлттық нақыштағы қайталанбайтын ерекше әуен шығады.  Кештің екінші бөлімінде вокалдық-аспаптық «Азия саунд» ансамблінің әншілері шықты. Ұжымның репертуарында түрлі бағыттағы 10 шақты ән бар. Олардың басым бөлігі туған елге, Отанды сүюге арналған.

 

Мұхит Ахметов, «Азия саунд» вокалдық-аспаптық ансамблінің әншісі:

– Тобымыздың алған бағыты – бұл этно-рок. Мұнда домбыра, қобыз, скрипка қосылған әндер бар. Қазақстан бойынша этно-рок кеш қолға алынған бағыт. Біздің қаламыз үшін бұл жаңа деңгей деп ойлаймыз.

 

Рок музыка мен халық әуендерінің үйлесімі солтүстікқазақстандық тыңдармандардың жүрегіне жол тапқан сияқты.

 

Әспет Әбдірешова