Спорт

Азат Илюбаев – Азия біріншілігінің күміс жүлдегері

 

Азат Илюбаевтың бокс өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүргеніне 6 жыл болыпты. Ел деңгейіндегі жарыстарда жұлдыздай жарқырап жүрген былғары қолғап шебері, енді сары құрлықта да танылды. Алпауыт елдердің кілең майталмандарын жиған соңғы Азия біріншілігінде СҚО жалғыз өкілі Ұлттық құрама қоржынына күміс алқа салды.  Жалпыкомандалық есепте 11 алқа еншілеген қазақ елінің сайыпқыран боксшылары азулы қарсыластарын жарыс жолынан ығыстырып, бас жүлде иегері атанды. Сенімді ортақ жеңісте жерлесіміздің де үлесі бар.

 

Азат Илюбаев, бокстан Азия біріншілігінің жүлдегері:

-60 келі салмақта қолғап түйістірген 1 жекпе-жекте өзбек елінің саңлағын тізе бүктірдім. Келесі айналымда түркімендік боксшыны соққының астына алып, ойсырата ұттым. Қорытынды сында үндістандық спортшыға жол беріп қойдым. Десе де жетістігіме көңілім толды.

Спортшының жеңісі – бапкерлердің жемісі. Азаттың білек күші мен ептілікті үндестіретін спортқа машықтануында Мақсат Әбілбашаров пен Антон Лопатиннің еңбегі бар. Қос жаттықтырушы үлкен сындарға талай дарынды өренді баптады.

 

Антон Лопатин, бапкер:

-Тәрбиеленушімізге сәл қырағылық жетіспеді. Ақтық сындағы қарсыласының күші басым болды деп айту қиын. Азат ол жағынан дес бермеді. Үндістандық әр қимылын дұрыс болжай білді. Сәл жинақы болса, жеңіс тойы біздің ауылда болушы еді. Енді  бұл кемшін тұсты жоюға ден қоямыз.

 

Азаттың ендігі белесі – әлем чемпионаты. Украина елінде өтетін 6 құрлық шеберлерінің тартысына жақсылап сайлануына 4 ай уақыты бар. Ендеше, іске сәт.

 

Жеңіс Ермұқанов