Қоғам

Зейнетақы жүйесін жаңғырту

 

Зейнетақы жинақтау жүйесін жаңғырту барысы бүгінде қоғамда кеңінен талқылануда. Аталған заң жобасы облысымыздың іскер әйелдері және Бескөл ауылының тұрғындарымен өткен бас қосуға да негіз болды.

 

Ольга Склярова, Қызылжар аудандық білім саласы еңбеккерлерінің кәсіподағы кеңесінің төрайымы:

– Өз басым бір ғана зейнетақы қорының құрылатынына қарсы емеспін. Өйткені, жинаған ақшамыз сенімді жерде сақталады. Ал, зейнет жасына келсек, білім саласында істейтін педагогтарға жеңілдіктер болса деймін.

 

Заң жобасында әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру көзделген. Бірақ, бұл өзгеріс бірден енгізілмейді. Кезең-кезеңімен 10 жылда жүзеге асырылмақ. Яғни, әйелдер бұдан былай 58 жастан емес, ер адамдармен бірдей 63 жаста зейнетке шығады. Және заң жобасында көпбалалы аналардың және ауыр жұмыс істейтін нәзікжандылардың жағдайы ескерілген. Сонымен қатар, егерде бірыңғай зейнетақы қорына бұрымдылар 3 млн 100 мың теңге жинап үлгерсе, 50 жасында зейнетке шыға алады. Жиында бүгінгі күні тұрғындардың 50 пайызының зейнетақы қорларына қаражатты жинамай жатқандығы да айтылды. Сондықтан да, бір ғана зейнетақы қорын құру әлдеқайда тиімді болмақ.

 

Гүлбану Ахметова