Бизнес және экономика

Шекаралық әріптестікті нығайту

 

Қымыз – ежелден келе жатқан емдік қасиеті зор дәруменді сусын. Шөлдегеннің шөлін қандырар, ауырғанға шипа болар қасиетті қазақи сусынға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Әсіресе, іргедегі ресейліктер аса қызығушылық танытуда.

 

Андрей Ермаков, Түмен облысының инвестиция және экспортты дамыту орталығының жетекшісі, Ресей:

– Түмен облысында қымыз өндірісін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бізде сауын жылқылары бар. Бөлінген жер жайылым мен кешен тұрғызуға жеткілікті. Алайда, ұлттық сусынның технологиясын меңгере алмай қойдық. Қайтсек те қазақтың қымызына жетпейді. Солтүстікқазақстандық “Арқалық” шаруашылығының қымызы қатты ұнады. Келіссөздер жүргізіп, бірлескен жоба құрғымыз келеді.

 

Астықты өңірдің мүмкіндіктері түмендік инвесторларды аса қызықтырып отыр. Әсіресе, сырттан қаржы құюға ниеттілер өлкемізде мал шаруашылығы әлеуетін көтеруге басымдық берді. Өлкеміз су көздеріне де бай. Өзен- көлдеріміздегі су жәндіктерін шекара асырту жағы да әңгіме өзегіне айналды.

 

Владимир Глазков, «ЭРА-98» компаниясы директорының орынбасары, Ресей:

-Бізде балық өнімдеріне деген сұраныс мол. Шикізат жетіспейді. Жергілікті ірі балықшылармен келісімге тұру үшін келіп отырмын. Ұзақ мерзімді әріптестік орнатқысы келетіндер табылатынына сенімдімін. Өйткені, бұл өңірде балық шаруашылығы жақсы дамыған.

 

Ашық диалог құруға келген меймандар өңірдегі құрылыс саласының қарқын алуына да бірегей жобаларын ендіруге ынталы. Бұл төңіректе елімізде баламасы жоқ құбыр төсеудің жаңа үлгісі ұсынылды.

 

Артём Беляев, «ГорВодСтрой» компаниясы директорының орынбасары, РФ,Түмен облысы:

– Біз жер астын көлденеңнен бұрғылаумен айналысамыз. Ескі әдіспен ашық ор қазылып, жер бетіндегі өсімдіктер құртылады. Біз тіпті нысандарға еш кедергі келтірмей, астынан құбыр өткізетіндей жағдай жасай аламыз. Бұл біріншіден уақытты үнемдейді. Қазір сіздерде су, газ желілерін жаңғырту жобалары жүзеге асып жатыр. Септігі болады деп ойлаймын.

 

Шекаралық әріптестікті нығайту тұрғысында Түмендік кәсіпкерлер 16 бірдей өміршең жобаларын алға тартып отыр. Алайда ұсыныстарына құлақ асып, бірыңғай экономикалық кеңістіктің мүмкіндіктерін пайдаға асыруға ден қойған жергілікті іскер азаматтардың қарасы қалың болмады. Бүгінде Кедендік одақ елдерімен тауар айналымының 3/1 ғана экспортқа тиесілі. Өзгесі сырттан келетін импорт.

 

Жеңіс Ермұқанов