Билік

Облыс әкімі полицейлерге қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді міндеттеді

 

Қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуде полицейлерге артылар міндет ауқымды. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан басталуы тиіс деп атап көрсеткен болатын. Оған бірінші кезекте құқық қорғау органдары қызметкерлері жауапты. Өңіріміздегі жалпы криминогендік ахуал қандай, нендей істер атқарылды, ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны қалай қорытындыланып отыр. Ол туралы жиынға қатысушыларды облыстың бас полицейінің орынбасары құлағдар етті.

 

Серік Едресов, СҚО ІІД бастығының орынбасары:

-Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жыл басынан 25 қылмыс тіркелді. Оқушылар ішінде ұялы телефон ұрлау фактісі жиі кездеседі. Мектептердің көбінде арнайы сейфтер жоқ, бейнебақылау камералары қойылмағандары да бар. Уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының материалдық-техникалық базасы да нығайтуды қажет етеді. Осы мәселелерді шешуге көмектессеңіз деген тілегіміз бар.

 

Облыс орталығында 13 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Аудандарда да бұл жұмыс оң жолға қойылған. Алайда, бәрінде емес, мәселен Қызылжар, Тимирязев, Шал ақын аудандарының учаскелік инспекторларына арнайы ғимарат қарастырылмапты. Өңір басшысы бұл мәселенің жуық арада шешімін табуына септесетіндігін жеткізді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Құқық қорғау саласын қаржыландыру жыл санап артып келеді. Өткен жылы бұл мақсатқа 3,6 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 4,5 млрд-ты құрап отыр. Облыстық бюджет есебінен осы жылы 26 жаңа автокөлік пен 14 заманауи сандық бейнекамералар, қажетті бағдарламамен қамтамасыз етілген 100 бірліктен астам компьютер және оргтехника алып береміз. Оның бәрі жұмыс сапасын арттыру үшін қажет.

 

Ішкі істер саласын қаржылай қолдау бар. Алайда, қылмыс азаяр емес. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға өскен, жыл басынан екі мыңға жуық қылмыстық іс қозғалыпты. Облыс әкімі заңбұзушылықтардың алдын алып, деңгейін төмендету керектігін міндеттеді тәртіп сақшыларына. Бұдан соң еңбегімен ерекшеленген бірқатар полицейлер мен құқық қорғаудағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері өңір басшысының құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Юрий Костенко, Қызылжар аудандық құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымының мүшесі:

-Өзім мектепте жүргізуші болып жұмыс істеймін. Кешкілік уақытта көшеге шығып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу тұрғысында тәртіп сақшыларына қолғабыс жасаймыз. Жастарға қоғамдық тәртіп пен көше тазалығын сақтаулары керектігі жөнінде ақыл-кеңестерімізді айтамыз. Құлақ асатындары бар.

 

Тәртіп сақшыларының сапалы жұмысы – қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі. Бұл ретте оларға артылар жауапкершілік ауқымды.

 

Самат Есмағи