Білім

«Болашақ» – шетелде білім алу мүмкіндігі

 

Биыл «Болашақ» бағдарламасына айтарлықтай жаңашылдықтар енгізілмейді. Алайда жаңа категориялар белгіленген. Мәселен, кәсіби біліктілікті арттыру бойынша бағдарламаның мүмкіндігі кеңейеді. Бұл өзгеріс ғылыми дәреже алуға емес, 1 жыл ішінде кәсіпті жетік меңгеруге бағытталған дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілдері.

 

Досхан Құдайбергенов, ҚР БҒМ конкурс ұйымдастыру бөлімінің бастығы:

– Кәсіби біліктілікті шыңдау тұрғысында енді дәрігерлер, инженер-техниктер мен өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлері де бағдарламаға қатыса алады. Мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлердің де осы мүмкіндікті пайдалануларына болады.

 

Біздің өңір бағдарламаға қатысушылар саны бойынша көш соңында келеді. «Болашақ» стипендиясы тағайындалғаннан бері 120-дан астам жерлесіміз ғана өз білімдерін шетелде жетілдіруге ниет етіпті. Сондықтан ведомство өкілдері аймақтарға шығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кіріскен.

 

Фариза Мұқанова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Аталмыш бағдарламаға қатысқандардың жақсы жұмысқа орналасуына зор мүмкіндік бар. Мұндай жиынға екінші рет келіп отырмын. Оның талаптары жайлы кеңірек білгім келеді. Диплом алғаннан кейін де, оқуымды жалғастырсам ба деген ойым бар.

 

«Болашақ» бағдарламасына қатысуға ниет еткендердің құжаттарын осы аптаның соңына дейін арнайы комиссия қабылдайтын болады.

 

Инеш Шоқақова