Қоғам

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров келді

 

Қоршаған ортаны қорғау министрі алдымен “Молсервис” ЖШС жұмысымен танысты. Тәуелсіз қазақ елімен түйдей құрдас кәсіпорын 1991 жылдан сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Нұрлан Қаппаров қуаттылығы жылына 5 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы өндіріс цехтарын аралады. Серіктестік 2011 жылы “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы аясында 100 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін рәсімдепті. Қаражат шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, заманауи қондырғылар сатып алуға жұмсалған. Мемлекетпен бірге дамып келетін зауыттың бүгінде төл өнімдерінің 20-дан астамы ел нарығына мықтап енген. Кейін еліміздің бас табиғат сақшысы сүт кешенінің жұмысшыларымен кездесті. Қазір мұнда 124 адам тұрақты табыс көзімен қамтылыпты.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Кәсіпорынның экологиялық таза екеніне көз жеткіздім. «Бизнестің жол картасы» бойынша көрсетілген үкіметтің қолдауын тиімді пайдаланып жатыр. Бір бөлігі жалақыны көтеруге бағытталыпты. Бұндай шаруашылықты қолдау керек. Астанаға келгесін сіздерге өзге де мемлекеттік демеу жасаудың жолдарын қарастырамыз.

Министрмен тілдесу барысында серіктестік жұмысшылары мейманға бірқатар сұрақтарын жолдап қалды. Өндірісі жақсы жолға қойылған зауыт қызметкерлерін негізінен облысымыздың экологиялық жағдайы алаңдатады екен.

 

-Біз көбіне көмір мен ағаш жағамыз. Қатты отын мұқтаждығы ормандардың жойылуына әкеледі. Біз газбен жылыту желісіне қосылуды қалаймыз. Біріншіден қоршаған ортаға зиянды заттар бөлінбейді ғой.

 

Нұрлан Қаппаров бүгінде еліміздің жылыту жүйесін көгілдір отынға алмастыру тұрғысында ауқымды жоба әзірленіп жатқанын жеткізді.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Қазір біз “Жасыл экономика” стратегиясын құрып жатырмыз. Кешенді жобаға бірінші кезекте газ тартылады. Өйткені табиғи таза көгілдір отынды кез-келген салаға ендіруге болады. Газ жағудың мүмкіндігі көп. Көмірдің пайдасы мол болғанымен, қоршаған ортаға тигізер зияны да аз емес.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров газ құбырын тарту жобасын жүзеге асыруға солтүстікқазақстандықтар кірісіп кеткенін тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Газ құбыры Қостанай, Астана арқылы Солтүстік Қазақстан облысына келеді деп межеленген. Қазір желіні тартатын қолайлы аумақтарды қарастырып жатырмыз.

 

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қайта өңдеу кәсіпорнын құрғымыз келеді. Бастама іске асырылса қоқыс жай тасталмай шикізат ретінде сатып алынады. Бескөлдегі жоспарланбаған қоқыс орындары тазарып жойылады. Нұрлан Жамбылұлы, егер де инвестиция табылып жатса, біздің өңірге жіберуіңізді сұраймыз.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Қазір барлық ірі қалаларда қоқыс өңдейтін кәсіпорындар ашып жатырмыз. 8 облыс орталығында техникалық экономикалық негіздері құрылды. Биыл немесе келесі жылғы жоспарға Петропавл қаласы енетін болады. Жаңа өндірістер барлық халықаралық талаптарға жауап бермек.

 

Министр көтерілген әр сауал назардан тыс қалмайтынына уәде етті.

Бұдан соң министр облыс активімен жүздесті. Мұнда зейнетақы жинақтау жүйесін жетілдіру мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып зейнетақы жинақтау қорын құрғандығы мәлім. Енді 15 жыл бұрын ендірілген жалпұлттық реформаны қазір бірыңғай құрылымдық жүйеге айналдыру жобасы қарастырылып жатыр. Жиынды ашқан өңір жетекшісі жаңашылдықтың маңыздылығына тоқталды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бұл 1998 жылы басталған жүйені кешенді түрде жетілдірудің қамы. Азаматтарды өздеріне аса қажет болатын зейнетақы жарналарын жинауға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Қызмет түрін сапаландыру арқасында салымшылардың әлеуметтік жағдайы жақсаратыны анық. Азаматшаларды жұмыспен қамту жағы дамытылады.

 

Қоршаған ортаны қорғау министрі бағдарламаның басымдықтарына жіті тоқталып өтті. Былтыр құрметті демалысқа шыққан аға буын өкілдерінің орташа зейнетақысы 41 мың теңгені құрапты.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

-Егер ескі жүйемен жұмысты жалғастыратын болсақ бірқатар мәселеге тап боламыз. Санақшылардың зерттеулері 2050 жылы зейнетақы төлемдерінің орташа көрсеткіші 4 есеге азаятындығын көрсетіп отыр. Қыз-келіншектердің еңбек өтілі тым аз. Осының салдарынан жыл сайын жинақтау қорларының қаржысы да кеміп отырады. Экономика қарыштап дамыған заманда жиналған қаржы бәсекеге қабілетсіз болып қалады.

 

Бұл артқа тартар кері үрдістің кесірі 2018 жылдан сезіле бастайды дейді Нұрлан Қаппаров.

Сондықтан әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестірудің қажеттілігі туындап отыр. Жоба сатылап жүзеге асырылмақшы. Жоспарға сай азаматшаларымыз 2023 жылы толықтай бейнеттің зейнетін 63 жасында көретін болады. Әрбір қазақстандыққа тікелей қатысты мәселені талқылау барысында отырысқа қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар туындады.

 

Сәуле Оразова, “Қызыл ай қоғамы” СҚО филиалының төрайымы:

– Мен жұмыс барысымен әйелдермен жиі кездесемін. Көбін бала күтіміне байланысты демалыс уақытында зейнетақы жарналарының аударылмайтындығы мазалайды.

 

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Қолданыстағы жүйеде бала күтіп отырғандарға өтемақы жасау жағы қарастырылмаған. Жаңа қордың бағдарламасында бұл мәселе ескерілген. Мемлекет зейнетақы жарнасын аударуды үзбеу үшін субсидия бөледі. Жүкті әйелдерге декретке шығу жөнінен қам жемеуге болады. Бала күткен уақыт еңбек өтіліне қосылады.

 

Министр өзін-өзі жұмыспен қамтыған іскер әйелдердің зейнетақы жинау жағы да қарастырылғанын жеткізді. Бизнестегі азаматшалар табыстың 10 пайызына дейін еш кедергісіз бірыңғай қорға сала алады.

 

Жеңіс Ермұқанов