Қоғам

«Ұлттық зияткерлік меншік институтының» филиалы

 

Өнертабыс, өнеркәсіптік үлгілер, тауарлық және қызмет көрсету белгілері, тауарлардың шыққан жерлерінің атауларын қорғап, зияткерлік меншік объектілерін тіркеуге өтініш әзірлеу мен рәсімдеу енді солтүстікқазақстандықтар үшін әлдеқайда жеңіл болмақ. Бұл жұмысты облысымызда «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» филиалының ашылуы жеңілдетпек.

 

Бекет Әлиғожин, ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының орынбасары:

– Бүкіл Қазақстанда оңтүстік-солтүстік, батыс-шығыс деген принцип бойынша 4 филиал ашылайын деп отыр. Біздің ашылған филиалымыздың мақсаты қандай екенін, не үшін ашылды, қандай көмек беріледі біздің кәсіпкерлерге, ғылыми азаматтарға сол туралы жеткізейік деген оймен бүгін жиналып отырмыз.

 

Өзі ойлап шығарған өнертабысты немесе ерекше үлгідегі бір пайдалы модельдерді патенттеп, өз зияткерлік меншік құқығын қорғауда көп жағдайда азаматтар қапы қалып жатады дейді жиынға қатысушылар. Сондықтан да мұндай филиалдың ашылуы халыққа ақпараттық, құқықтық және консультациялық көмек көрсетуде де маңызды болмақ.

 

Леонид Киселев, «Ремплазма» ЖШС директоры:

– Бұл филиалдың ашылуы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Мәселені осыған дейін де қолға алу керек еді. Меніңше ең бастысы, азаматтарда өз меншік құқығын қорғауға деген қызығушылық болуы керек.

 

Аталмыш филиал біздің өңірімізден басқа Қостанай және Ақмола облыстары үшін де қызмет көрсететін болады.

 

Әспет Әбдірешова