Энергетика

Энергетиктер қызмет құнын 51 пайызға көтермекші

“СевКазЭнерго” АҚ 1 сәуірден қызмет құнын өсіруге өтініш білдіріпті. Энергетиктер тарифті ұлғайтуға мұқтаждықтан бардық дейді. Жарық өндіруге жұмсалатын шикізат шығыны өсті. Оны жеткізудегі жол машақаты артып отыр. Табиғи монополияға қарсы департаментіндегілер бұны ескереміз дейді. Алайда сұрауларының өзге себептері негізсіз көрінеді.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Тарифті ұлғайтсақ қызметкерлердің жалақысын 2 есеге өсіреміз дейді. Несиелерінің үстеме ақысын өтейміз деп шығынға ұшырағандарын алға тартады. Бұл мәселелерді толықтай зерттеп алу керек.

 

Монополист қоршаған ортаны бөлінетін зиянды заттармен ластамаудың қамында кететін қаржы көлемі 14 пайызға өскенін де алға тартып отыр.

 

Сергей Худяков, “Қазақстанның тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы” ҚБ СҚОФ директоры:

-Мен қызмет құнын көтеру бойынша хабарламаны мұқият тыңдадым. Ұққаным көмір құны 8%, оны теміржол арқылы тасымалдау 25% артқан. Басқа себептерін түсінбедім.

 

Алла Язовская, “СевКазЭнерго” АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы:

– Тарифтің өсуіне жылу энергиясы өндірісіндегі шығындар себеп болуда. Яғни бағаны қымбаттатқаннан көріп жатқан пайдамыз жоқ. Ол тек шығындарымыздың орнын толтыруға кетеді.

 

Энергетиктердің өтініші мамырдың 25-не дейін қаралады. Нақты шешім содан кейін белгілі болмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов