Мәдениет

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына арналған конференция

 

Алты алаштың ардақтысы Мағжан ескерткішінің алдына студенттер, оқытушылар мен өзге қалалардан келген зиялы қауым өкілдері жиылды. Олар Ұлы ақынның рухына тағзым етіп, ескерткішінің алдына гүл қойды.  Кейін жиналғандар республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақ әдебиетінің жарық жұлдызының шығармашылығын талқылады. Ақын әлеуметтік тақырыптарға кеңінен қалам тербеді. Негізінен ағартушылық, ұлт-азаттық бағытты ұстанатын. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Мағжан отаршылдыққа қарсы күресті. Сондықтан шенді-шекпенділер оның есімін тарихтан сызбақ болды. Алайда бұқара жақсының атын ұмытпады.  Ұлы Мағжанның 120 жылдығына арналған шараға өзге қалалардан филология ғылымдарының кандидаттары мен профессорлар келіп, баяндамалар жасады. Сондықтан жергілікті студенттер бүгін сүйікті ақынын сан алуан қырынан таныды.  «М.Жұмабаев шығармашылығының әлемдік әдеби үрдістегі орны» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқандар кейін 4 секция бойынша баяндамаларын оқыды.

 

Айдана Демесінова