Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрақтандыру қоры

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорының құрылғанына биыл 2 жыл. Бұл жерде өнімді әлдеқайда төмен бағамен сатып алуға болады. Мәселен, күріштің бір келісі мұнда 72 теңгеден саудалануда. Ал өзге сөрелерде оның құны 150 тг.

 

Қарақұмықтың да бағасы осындай. Бұл жерде көкөністердің құнын да тұрғындардың қалтасы көтереді. Картоп 45 теңгеден, сәбіз бен пияз – 50, ал орамжапырақ 80 теңгеден өткізілуде. Сұйық майды бұл сауда нүктесінен 275 теңгеден сатып алуға болады. Дүкеншілер мұндағы тауарға деген сұраныстың көп екендігін алға тартуда.

 

Жанар Мұсаева, сатушы:

-Пенсионерлер жақсы алады. Картопты, қарақұмық, күрішті. Күніне картоптың 280 кг сатамыз. Капустаны 400 кг өткіземіз.

 

Қолжетімді бағаға жерлестеріміз де қуанып отыр. Бұл бастама қалтаға түскен салмақты біршама жеңілдетті дейді олар.

 

Лилия Мыскина, зейнеткер:

-Бағаны тұрақтандыру бағдарламасының маңызы зор. Әсіресе, зейнеткерлерге тиімді. Осыннан тауарды жиі алып тұрамын. Сапасы жақсы. Осындай сауда нүктелері көп болса нұр үстіне нұр.

 

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорының өнімдері қаламыздағы 17 әлеуметтік дүкендерде сатылады. Олардың құны базардағыдан 15 пайыздан 50 пайызға дейін төмен екен.

 

Татьяна Шупило, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:

-Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорының тұрғындарды жылдың соңына дейін әлеуметтік маңыздағы өніммен қамтуға қауқары бар. Қордың тауары коммуналдық базарда, «Тайга», «Дария», «Алматы-Петропавл» базарларында, «Арай» сауда кешенінде, «Корона», «Семейный» сауда үйлерінде, «Шапағат» дүкендерінде және өзге де сауда нүктелерінде сатылады.

 

Өңірдегі бағаны тұрақтандыру қоры 9 түрлі азық-түліктің 4 мың тоннасын сатып алыпты.

 

Айдана Демесінова