Мәдениет

“Әлқисса” ансамблі халықаралық фестиваль лауреаты атанды

 

Қазақтың ұлттық музыка өнерін зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Жұбановтың құрметіне ұйымдастырылатын бұл халықаралық фестиваль осымен 8 рет өткен. Оған өңірден тек “Әлқисса” фольклорлық ансамблі ғана аттаныпты. Өнерлі ұжым 8 шығарманы халық аспаптарында ойнаған. Солардың бірі – Еспайдың күйі “Ақ ілме”. Ансамбль ұжымы 12 өнерлі жандардан құрылған. Олар домбыра, шертер, қобыздың бірнеше түрі, саз сырнай, жетіген, дабыл және тағы да басқа халық аспаптарында ойнайды. Айдос Ақылбековтың “Әлқисса” ансамбліне келгеніне екі жарым жылдың жүзі болған. Өнерлі жас шаң қобыз, нар қобыз, жетіген, сырнай, қыл қобыздың тілін жақсы біледі. Айдос мұндай байқау өнеріміздің ұшталуына жол салады дейді.

 

Айдос Ақылбеков, “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің мүшесі:

– Ансамбльдердің бәрі мықты болды. Жалпы фестиваль жақсы өтті.

 

Ақтөбеден өткен “Жұбанов көктемі -2013” халықаралық фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен өнер десе ішкен асын жерге қоятын 15 ұжым қатысқан. Олар 2 кезең бойынша сынға түсіпті. Сөйтіп, халықаралық фестивальде “Әлқисса” ұжымы екінші дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Ал, бас жүлдені Ақтөбенің “Достық сазы” мен Қызылорданың “Дидар” фольклорлық ансамбльдері бөліскен.

 

Гүлбану Ахметова