Қоғам

Польша парламентарийлерінің облысқа сапары

 

Меймандарды солтүстікқазақстандықтар қонақжайлықпен қарсы алды.Польшалық депутаттар алдымен осыдан екі жыл бұрын ашылған “Жер аударылғанның үйі” мұражайына ат басын тіреді. Нысанның безендірілуіне Зеленый Гай селосының барлық тұрғыны атсалысыпты. Поляк халқы үшін баға жетпес құндылық болып табылатын мына экспонаттарды да ауыл халқы өткізіпті мұражайға. 1936 жылы салынған бұл үй бәз-баяғы қалпында.

 

Виталий Червинский, Зеленый Гай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

-Бұл мұражайды селомыздың мерейтойы қарсаңында аштық. Ол 1936 жылдан сыр тарқатады. Жер аударылған поляктар тақыр жерден селоны өз қолдарымен көтерді. Сол шақ ауыл халқының жадында мәңгі сақталып қалды. Жәдігерлерді де солар өткізді.

 

Қытайдан әкелінген мына стол мен шифоньер бір шегесіз жиналған. Тұрмысқа қажетті заттардың барлығы поляк халқынікі. Әр заттың тарихын мектеп оқушылары меймандарға жеке-жеке түсіндіріп берді.

 

Виолета Мосокова, Зеленый Гай орта мектебінің оқушысы: -Қарағайдан жасалған мына кереует Украинадан жеткізіліпті. Ал ондағы төсек орындардың барлығы қолдан жасалған. Мәселен мына төсеніштің іші мақта емес, сабан. Мына кереует болса қолдан құйылған, оның бір ерекшелігі жиналмалылығында.

 

Делегация өкілдері назарынан “Рим-католик” ғибадатханасы да сырт қалмады. Бүгінде Тайынша ауданында 6 костел жұмыс істейді. Ондағы уағыз айтушы миссионерлер саны – 26.

Сапар соңында польшалық меймандар жер аударылғандардың ұрпақтарымен кездесті.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары өңірімізде бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратындығын айтып, олардың арасында мызғымас татулық бар екендігін атап көрсетті. Бүгінде Польша мен Қазақстан арасында өзара әріптестік орнаған.

 

Фархад Куанганов, облыс әкімінің орынбасары:

-Біз Польша Республикасының білім саласына көрсетіп жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Тайынша ауданындағы 13 мектепте бүгінде поляк тілі курсы жұмыс істейді. Дәрісті поляк мұғалімдерімен қатар біздің азаматтарымыз да оқиды. Еліміздің ұстанған негізгі бағыты – ұлттар мен ұлыстар арасындағы және дінаралық татулықты сақтау.

 

Польшаның вице-спикері Еже Вендерлих  халықтар арасындағы достық кезінде жер аударылғандардың өзге елде күн көріп кетулеріне көп көмегін тигізгендігін тілге тиек етті.

 

Еже Вендерлих, Польша Республикасының Вице-Спикері, “Польша мен Қазақстан” арасындағы әріптестік парламентаралық тобының жетекшісі:

-Мен бұл жерлерде болуды көптен бері армандаған едім. Алмағайып заманда біздің қандастарымызды бауырларына тарқан қазақ халқына ризашылығымыз шексіз. Оларға қолдау таныттыңыздар. Мұндағы поляктарға барлық жағдай жасалған. Білім алуына, еңбек етуіне, бизнеспен айналысуларына, өз діндерін уағыздауларына шектеу қойылмаған.

 

Бүгінде 170-тен астам қазақстандық Польшада білім алып жатыр. Ал Зеленый Гай селосының 5 тұрғыны болса өздерінің тарихи отандарына визасыз бару мүмкіндігіне ие болды. Оларға “Поляк картасы” табысталды. Өңірге ресми сапары аяқталысымен делегация өкілдері Елордасы Астанаға жол тартты.

 

Самат Есмағи