Денсаулық сақтау

Астаналық дәрігерлер Петропавлда ота жасады

 

Облыстық балалар ауруханасында осы күні жүрегінде ақауы бар 39 сәби есепте тұр. Олардың 20-сы бүгінде дәрігерлердің жіті бақылауынан өткен. Соның ішінде шұғыл ота қажет деген 4 балаға Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық орталықтан келген дәрігерлер ота жасады. Бүгінде балалардың жағдайы ойдағыдай дейді ақ халаттылар.

 

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бірнеше жылдан бері денсаулық сақтау басқармасы, облыстық балалар ауруханасы және Астана қаласының кардиохирургиялық орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осыған дейінгі жылдары біз науқастарды Астанаға жіберетінбіз. Жүрегінде туа біткен ақауы бар балаларға ота жасалды.

 

Астана қаласының кардиохирургиялық орталығының мамандары біздің өңірге алғаш рет келген. Өткен жылы облыстан барған 17 сәби Астанада денсаулықтарын дұрыстап қайтқан. Бүгін дәрігерлер тағы бір бүлдіршінге ота жасамақ. Балалардың жасы негізінен 1-3 аралығында.

 

Дмитрий Горбунов, Астана қаласы Ұлттық кардиохирургиялық орталығының балалар кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

– Кардиохирургиялық орталық 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Кешеден бергі оталар жасанды қан айналымы арқылы жасалды. Яғни ота кезінде жүрек 20-40 минутқа тоқтайды. Бұл ондағы ақауларды дұрыстау үшін қажет.

 

Жасы бірден асқан Ерәлі Есләмға сейсенбі күні ота жасалған. Қазір жағдайы тұрақтанған сәби әжесімен бірге жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

 

Айман Дүкенбаева, Ерәлі Есләмнің әжесі:

– Астанадан дәрігерлер келіп, ота жасады. Сәттілігі болды. Рахмет айтамын. Бұған дейін Астанаға барғанбыз. Сонда көрсеттік.

 

Қазір дәрігерлердің айтуына қарағанда әлі 15 бала осындай көмекке мұқтаж. Жалпы 2003 жылдан бері 500-ден астам солтүстікқазақстандық сәбидің жүрегіне ота жасалған. Олар  негізінен Түмен қаласы және Израильден келген мамандардың қатысумен өткен. Астаналық кардиохирургтер күзге қарай тағы келіп, кішкентай пациенттерге көмек көрсету жоспарда бар дейді.

 

Әспет Әбдірешова