Құқық қорғау органдары

Қарақшы қолға түсті

 

Қарақшы 80 жастағы қарияның үйіне түнгі сағат үште терезеден кірген. Сөйтіп, жалғыз басты зейнеткерді пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Зәре-құты қалмаған кейуана қолында бар 17 мың теңгені қарақшыға ұстатқан.

 

Лидия Усьманкина, жәбірленуші:

– Мен жарықты жақтым. Сөйтсем дәлізде жас жігіт тұр екен. Қолында пышағы бар болды, сол суық қарумен мені қорқытып, ақша талап етті. Мен сұрағанын бердім.

 

Ал, таң атқан соң 22 сәуір күні жәбірленуші полицияға хабар берген. Қорқып қалған зейнеткер қылмыскердің қара киімде болғанын ғана айтқан.

 

Данияр Қасымов, Есіл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:

– Қылмыс жасалған жерге қызметкерлер дер кезінде жетті. Оған 4 жедел іздестіру тобы құрылып, күдіктіні ұстадық.

 

Көп ұзамай полицейлер қылмысқа қатысы бар деп көрші ауылдың 20 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Покровка колледжінің студенті болып шықты. Тергеу барысында күдікті Корнеевкаға шұғыл барып келу қажет болды, зейнеткерлердің ақшасыз отырмайтынын біліп, осындай қылмысқа бардым деп түсіндірген. Күдікті ойлаған қылмысын жүзеге асырғаннан кейін, таксимен Корнеевкаға бет алған. Сөйтіп, ол Ибраев ауылында ұсталды. Қарақшы қылмысын толық мойындады. Әзірге уақытша ұстау абақтысына жабылды. Күдікті 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Гүлбану Ахметова