ТКШ

Қала тазалығы – ортақ міндет

 

Медведев көшесі, 4 пен Ахременко, 2 және 4 мекен-жайындағы ауланың қоқысынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қар кетіп, күн жылынғалы бері мұнда әлі бір де бір тазалық жұмыстары жүргізілмегенге ұқсайды. Контейнерлердегі қоқыс сыртқа шашылып жатыр. Ал тұрғындар мұндай көріністің орын алуына жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы кінәлі дейді.

 

Тамара Зейдер:

– Бұрын бізде мұндай жағдай болмайтын. Қазіргі пәтер иелері кооперативі төрағасы басшылық еткелі бері, үнемі осылай. Ақша да жинаймыз, бірақ оның қайда кетіп жатқаны белгісіз.

 

Қазір мына үйлерде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Құрылыс қалдықтарын мердігерлер уақтылы шығарып тұрады екен.

 

Владимир Хамдиев, Ахременко,4 және Медведев,4 мекен-жайы ПИК төрағасы:

– Қоқыстың осыншалық көп жиналуының себебі, қыста қар көп болды да, жоғарғы қабаттағы тұрғындар үнемі қар лақтырды. Кейін үсті-үстіне толассыз қар жауды. Ал мына қоқысты шығаруға ертең машина келеді.

 

Ал Мир көшесі, 339, 341 және 349 мекен-жайындағы мына ауланың тазалығы өзгелерге үлгі боларлықтай. Балалардың ойын алаңы мен үйдің іргелері қоқыстан әлдеқашан тазартылған. Себебі, күн жылынысымен бұл жердің тұрғындары бірлесіп, сенбілік ұйымдастырған.

 

Вера Золотилина, «Әлия – Сервис» ПИК төрайымы:

– Алдағы аптада тағы да сенбілік өткіземіз. Қажетті әк пен сырды да сатып алдық. Жол жиектерін ақтап, қоршауларды сырламақшымыз. Тұрғындар жыл сайын ұйымдасқан түрде аулаға шығып, өз маңайларын қоқыстан арылтады.

 

Бұдан былай қала бойынша арнайы мобильдік топ құрылып, олар аулалардағы тазалықты қадағалайтын болады. Сол себепті әр адам қоршаған ортаның тазалығана үлесін қосуы керек.

 

Әспет Әбдірешова