Балалар

Қабырғаға сурет салу байқауы

 

Мұндай байқау өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы 10 солтүстікқазақстандық қатысуға ниет танытыпты. Суреттерінің нұсқасын алдын ала тапсырған. Енді оны қағаз бетіне емес, мына дуалдарға түсіру қажет. Мұндай ерекше сынды ұйымдастырып отырған «Қызылжар су» серіктестігінің қызметкерлері мен депутаттар граффити стилінде сурет салуға арналған жер жеткілікті дейді.

 

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:

-Граффити әлемдік өнер. Жастардың осы бағытта сурет салуына біз қарсы тұра алмаймыз. Бірақ жастардың осындай өнеріне бір бағыт беріп, оған әлеуметтік тұрғыдағы проблемаларды салуға үйретсек жақсы болар еді.

 

Ерекше байқауда бағын сынамақ болғандардың бірі – Тимур Никонов. 23 жастағы жігіт қабырғаға толқынның суретін түсірмек ойы бар.

 

Тимур Никонов, суретші:

-Өнердің бұл түрі өңірімізде жаңадан енгізіліп келеді. Бұл сында толқынның суретін салмақпын. Өйткені су тіршілік көзі.

 

Кирилл Кутиковтың граффитти стиліне көшкеніне 3 жыл болды. Өнердің бұл түрі қатты ұнайды дейді ол. Суды жастықтың негізі деп есептейтін студент сәбидің суретін салуды ұйғарыпты.

 

Кирилл Кутиков, СҚ кәсіптік педагогикалық колледжінің студенті:

-Байқаудың ұйымдастырылғаны жақсы болды. Бұл дарынды жастардың шеберлігін арттыруға септеседі. Әсем суреттер тұрғындарды да қуантады деп ойлаймын.

 

Байқау сәуірдің 24 мен 29 аралығында өтпек. Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

 

Айдана Демесінова