Өнеркәсіп

Петропавлда әскери киім тігіледі

 

Әзия Икбергенованың тігін фабрикасында киім пішіп жүргеніне 33 жыл болыпты. 5-ші разрядтағы шебер өткен жылы айлап жалақы көрмеген күндеріміз болды дейді. Шаруашылық “Әскери киімдер тігу фабрикасы” серіктестігінің иелігіне көшкелі жағдай біршама оңалғанға ұқсайды. Былтыр тақырға отырып қалған кәсіпорынның бос тұрған құрылғылары қазір қызу жұмыс үстінде.

 

Әзия Икбергенова, тігінші:

– Ұзақ жыл болды тігіншілікпен айналысқаныма. Қолым үйреніп қалды. Жұмысым өзіме ұнайды. Қазір тапсырыс көбейді. Бұл жалақыға да әсер етпей қоймайды.

 

Бүгінде штаттық құрамдағы 60 қызметкердің жартысынан астамы тігінші. Соңғыларының дені әрине нәзік жандар, тек біреуі ғана ер адам. Қыз-келіншектерге ауыр тиетін шаруа Сергей Рощиннің мойнына жүктелген. Ол жаңа кәсіпорын құрылғалы тұрақты табыс көзімен қамтылдық дейді.

 

Сергей Рощин, тігінші:

– Ес білгенімнен анамның іс тігіп отырғанын көріп өстім. Сондықтан таңдаған мамандығым жаныма жақын. Тігісі білек күшін талап ететін бар жұмыс ауқымын мен атқарамын. Міндетім аса ауыр деп айта алмаймын. Бірақ ер адамның ебі керек. Жалақы да жаман емес, уақытында беріп тұрады.

 

Өндірісі қарқын алған фабрика күніне 60 шақты арнайы киім-кешек шығарады екен. Негізінен әскери форма. Бүгінде Қорғаныс министірлігінен 3,5 мың данасына тапсырыс түсіпті. Мәселен, теңіз флотының киімдері 7 мамыр күні Қызылорда облысында өтетін әскери парадқа әзірленген. Жаңа киім үлгілерін құрастыратын тәжірибелік цех та ашылды.

 

Мухарлям Шарафутдинов, “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС директоры:

-Біз алдымен ақ матадан құрылған үлгіні арнайы қызметтерге сынауға береміз. Жиі кір басатын немесе тозатын бөлігін анықтап жетілдіреміз. Әрбірінің талғамын ескеруге тырысамыз. Қазір төл туындымызбен жұмыс жасап жатырмыз. Кейін петропавлдық өнімді патенттеп ел көлеміне тарату ойымызда бар.

 

Десе де серіктестік әлі де толық қуаттына көшпеген. Бар мүмкіндіктің тек 30 пайызын ғана пайдаланып отыр. Гәп жұмыс қолының жетіспеуінде. Осының кесірінен ауқымды келісімдер жасауға мүмкіндік тумай отырғанға ұқсайды.

 

Мухарлям Шарафутдинов, “Әскери киім тігу фабрикасы” ЖШС директоры:

– Алдағы екі айдың ішінде тағы 20 жұмыс орны құрылады. Жыл соңына дейін қызметкерлердің санын жүзге жеткізу жоспарланып отыр. Өңірдегі әлеуметтік қызметтермен келісімге тұрдық. Қолданыстағы тігін машиналары 20 жылдан артық қызмет етті. Жаз уақытында құрылғылар толықтай жаңартылады.

 

Өндіріс іргесін кеңейтудегі мақсат мемлекеттік тапсырыс аясын ұлғайтып, қызмет сапасын арттыра түсу. Биылдан бастап оқу орындарының студенттері осы жерде тәжірибе жинақтайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов