Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мал шаруашылығын дамыту

 

Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ажырамыс бір бөлігі. Мемлекет басшысы төрт түлік санын арттыру керектігін міндеттеген болатын. Бұл ретте өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Мал басы жыл санап артып келеді.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Қазіргі күні өңірімізде 18 асылтұқымды репродуктор жұмыс істеп жатыр. 3,5 мың басқа арналған үш мал бордақылау алаңын құрдық. Мал шаруашылығымен 548 фермерлік шаруашылық айналысады. Ірі агроқұрылымдар да бұған өз үлестерін қосуда. Бұл жұмыстарды одан әрі де дамыту қажет.

 

Төрт түлік өсіруде өңіріміз еліміздегі үздік бестік қатарына еніп отыр. Жергілікті жердегі ірі қара тұқымын асылдандыру тұрғысында шетелдерден өнімділігі жоғары зеңгібаба жеткізілуде. Оның барлығы мемлекеттік қолдаудың арқасы. Бірақ оған бірқатар аудандар аса қызығушылық танытпай отыр.

 

Димаш Таласбаев, ауылшаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Қазіргі күні өңіріміздегі ірі қараның жалпы саны 363 мың басты құрайды. Алайда Жамбыл, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Есіл, Айыртау аудандарында мал басы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда анағұрлым төмен.

 

Мал басын дамытқысы келетін қарапайым халыққа ыңғайлы мемлекеттік бағдарламалардың бірі – “Сыбаға”. Алайда оған да қызығушылық танытып отырғандардың қарасы аз. Өткен жылы ірі қара алуға 123 өтініш түссе, биыл ол көрсеткіш не бары – 42. Оның ішінде жоғарыда аталған аудандардың бірі де жоқ.Бұл мал басының өсуі емес, кемуіне жол берері анық.

 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Ауызша ескерту жасағаннан нәтиже шықпайды. Қатаң шара қолдану керек. Басқалары бұл мүмкіндікті пайдаланып одан нәтиже шығаруда. Бұл аудандар неге солай істемейді. Жағдай бәріне бірдей жасалып жатыр ғой.

 

Екі жылда өңірімізге жеткізілген ірі қара басы 38 мыңнан асады. Алайда былтырғы жылға бөлінген субсидияның 190 миллион теңгеден астамы игерілмепті. Осыны сынға алған облыс әкімінің орыбасары биыл бұл олқылықтарға жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті жауапты басшыларға. Қаражат мемлекеттік бағдарлама арқылы бөлінеді. Ал оны кәдеге жаратуымыз керек.

 

Александр Макеев, ауыл шаруашылығы басқармасының малшаруашылығы бөлімінің бастығы:

-Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңір шаруашылықтары 3200 бас өнімділігі жоғары ірі қараға қол жеткізді. Бірақ бұл жұмыстарға 13 ауданның бәрі бірдей қатысып отырған жоқ. Аққайың, Жамбыл, Шал ақын, М.Жұмабаев аудандары көш соңында.

 

Мемлекет берген мүмкіндікті дер кезінде пайдалану қажет. Ол біріншіден өңір халқын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін керек. Одан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи