Білім

Филологтар форумы

 

Филолог мамандардың облыстық форумына арқау болған негізгі тақырып-тілдің үштұғырлылығы. Жиынға қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері қатысты. Солардың бірі Бахыт Жәкішева. Ол Тимриязев ауданындағы С.Мұқанов атындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілінен сабақ береді. Жалпы еңбек өтілі 25 жыл. Білікті ұстаз үш тілді еркін меңгерген оқушының келешегі жарқын болары сөзсіз дейді. Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Ал оны оқушылардың бойына дарытуда ұстаздар қауымына жүктелер міндет зор. Педагогтар оны жақсы түсінеді. Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі –  ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі болуы қажет деп атап көрсеткен болатын. Оны жүзеге асыру бірінші кезекте ұстаздар қауымының міндеті. Жиында осы мәселе жан-жақты қарастырылды.

 

Самат Есмағи