Балалар

Жастар зейнетақы жүйесін жаңғырту жайында ой бөлісті

 

Зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесі өңірде қызу талқылануда. Бүгінгі жиын да осы тақырыпқа арналды. Алдымен мемлекеттік органдардың қызметкерлері жастарды зейнетақы жүйесінде қандай жаңашылдықтардың орын алатындығы жайлы хабардар етті.

 

Жанахмет Тащығұлов, СҚО әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің бастығы:

– 2043 жылдан бастап тек жинақтаушы зейнетақы қорлары қалады. Және бірыңғай зейнетақы қоры болады. Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық банкі басқармақ. Оларды басқару жөніндегі кеңес те құрылады деп жоспарлануда.

 

Жиылғандардың дені – белсенді жастар. Сондықтан болашақтарына бейжай қарамайды. Және зейнетақы жүйесін жетілдіруді дұрыс бағыт деп түсінеді.

 

Әлия Тәшенова, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің жастармен жұмыс жөніндегі комитетінің төрайымы:

– Мен зейнетақы жүйесін жаңғыртуды құптаймын. Бірыңғай зейнетақы қорын құру бойынша туындайтын сауал жоқ. Бұл өзгерістің болашақта өзіміз үшін тиімді болары сөзсіз.

 

Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл жүйе біртіндеп 10 жыл ішінде енгізілмек. Жиылғандарды зейнет жасы ұлғайса, жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешілетіндігі қызықтырды. Виктор Молодовский жастарды жұмыспен қамту мәселесіне өзгерістер кесірін тигізбейді дейді. Өйткені өңірде мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар үшін арнайы жобалар әзірленуде.

 

Виктор Молодовский, СҚО жастар саясаты жөніндегі басқарма бастығы:

– Бұған дейін өңірімізде қарқын алған «Жұмыспен қамту», «Дипломмен – ауылға» сынды бағдарламалар жалғасатын болады. Сондай-ақ жастар үшін тиімді жолдар қарастырылуда. Қандай аудандарға мамандар қажет екені үнемі бақылауда. Сондықтан жұмыс істеймін деген адамға барынша қолдау көрсетілмек.

 

Тек бұл мүмкіндікті жастардың қалт жібермегені жөн.

 

Инеш Шоқақова