Бизнес және экономика

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың кәсіпкерлік саласына әсері

Қазіргі таңда елімізде 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істейді. 15 жыл көлемінде олардың жұмысы тиімсіз жүргізілді. Зейнетақы активтерін арттырудың орнына өз қаражаттарын еселегендері де болған. Бұл зейнетақы жүйесін модернизациялаудың себептерінің бірі. Бірыңғай зейнетақы қорының құрылуы жағдайды шешетін болады. «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры Елена Виссарова осындай ойда.

 

Елена Виссарова, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры:

– Шағын, орта, жалпы қандай бизнестің болмасын жұмысы заңға қайшы келмеуі тиіс. Бұл, әсіресе, сауда саласына қатысты. Зейнетақы төлемдері жүйелі түрде түсуі керек. Ұжым мен жұмыс берушінің арасында арнайы келісімшартқа қол қойылуы тиіс деп ойлаймын.

 

Өзгертулер бизнес саласына да қатысты болмақ. Жеке кәсіпкердің салықты аз төлеуі үшін жалақының үстінен қосымша қаражат беретін кездері де болып жатады. Жаңа заң жобасы әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуды да көздеп отыр.

 

Елена Виссарова, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры:

-Әйел адамдарға жүктелген міндет ауыр. Ол жұмыста белсенді болуы керек. Бала тәрбиесі, отбасы тағы бар. Сондықтан зейнетақы жүйесінің жаңғыртылуы әйел адамдарға ауыртпалық түсірмесе деп ойлаймыз.

 

Жаңа заң бойынша нәзікжандылардың бәрі 63 жасында зейнетке шығады деген сөз емес. 50 жаста да жинақталған зейнетақы мөлшері 3 млн 100 мың теңгеге жетсе зейнетке шығу мүмкіндігі бар. Ал 5 және одан да көпбалалы әйелдер 53 жасында құрмет демалысына шыға алады. 4 баланы күтуге кеткен уақыт та жойылмайды. Керісінше, жалпы еңбек өтіліне 12 жыл ретінде қосылмақ. Жаңа жүйе кезең бойынша 10 жыл ішінде енгізіледі деп жоспарлануда.

 

Инеш Шоқақова