Денсаулық сақтау

Сырқаттарды емдеу және оңалту

Жуырда ғана төсек тартып жатқан Тірлік Қаскеновтың қол- аяғына қазір жан бітті. Емін-еркін қозғалып тренажёрларда жаттыға бастаған. 57 жасар петропавлдықтың үстіміздегі жыл басында қан айналымы нашарлап, инфаркт алыпты. Инсульттан соң денесінің сол жақ бөлігі сал болып қалған.

 

Тірлік Қаскенов:

– Сол қол-аяғым істемей, тілім күрмеліп, сөйлеуден қалдым. Физиотерапия, физкультура, дәрі, капельницадан кейін денсаулық түзелді. 6 айдан соң жұмысыма шығамын.

 

№ 1 қалалық аурухананың неврология бөлімшесі 60 орынға шақталған. Тағы 6 керует науқастарды отадан соң сауықтыруға арналған. Алексей Кармацких емдеу мекемесінде оңалту қызметі құрылғанда түскен алғашқы науқастардың бірі. Бел омыртқа жотасындағы жарақаттан толықтай айығу үшін 2 жарым жыл бойы ұдайы шипа алып тұрыпты.

 

Алексей Кармацких :

-Арқамдағы жарыққа ота жасағаннан соң белімнен шойырылып, аяғымды баса алмай қалдым. Шалдыққан кеселім шықпай біраз түңілдім. Жұмыс жасап тірлік құратын жағдайым болмады. Қазір денсаулығым түзеліп, қатарға қосылдым. Апта соңында жазылып шығамын.

 

Жарық, лазер, магнит терапиясы, сылаудан кейін науқастардың көп бөлігі үйлеріне өз аяқтарымен кетеді. “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл заманауи қызметтер тегін. Былтыр дене буындары ауруларына арналған озық үлгідегі кешенді құрылғылар түсіпті. Биыл да қажетті жабдықтарды жаңарту үрдісі жалғасатын болады.

 

Галина Маметова, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– 2013 жылы облыс әкімінің бастамасымен жаңа 15 құрылғыны алатын қаржы бөлінді. Заманауи медициналық қондырғылар адам денсаулығын жақсартудың кепілі болады. Бізге көбіне отадан кейін денсаулығы тым мүшкіл, ауруы ушыққан науқастар келіп түседі. Әрбіріне жекелей қарап, аяғына нық тұруы үшін қолдан келгенін жасаймыз.

 

Бүгінде емдеу мекемесінде 20 дәрігер мен 80-ге тарта медбике сырқаттардың оңалуына септеседі. Биыл аурухананың ақ халатты абзал жандары тағы үш жас маманмен толығатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов