Білім

Петропавлдық екі оқушының ғылыми жұмыстары халықаралық сайыста жоғары бағаланды

 

11сынып оқушысы Жанар Ақылтаева пән олимпиадаларының қалалық, облыстық кезеңдеріне қатысып, үнемі жақсы қырынан көрініп келеді. Қоғамдық жұмыстарға да араласатын талапты жас 3-7 сәуір аралығында «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар сайысына қатысып, онда жүлделі орыннан көрінген.

 

Жанар Ақылтаева, №26 мектеп-балабақша кешенінің оқушысы:

– Байқоңыр қаласында өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауына қатысып, екінші дәрежелі дипломға ие болдым. Еліміздің болашағы жастардың қолында деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  айтқандай, үкімет тарапынан жастар үшін көптеген мүмкіндіктер жасылып отыр. Жобамның тақырыбы астрономиялық есептерді шешу үшін геометриялық элементтерді қолдану.

 

Ал Жанардың сыныптасы Әйгерім Ерқабаева Швецияда өткен «Евромасс -2013» халықаралық конференциясына қатысып, онда өзінің математика пәні бойынша жазған ғылыми жұмысын таныстырған. Облыстан бұл сайысқа онымен бірге 5 оқушы барыпты.

 

Әйгерім Ерқабаева, №26 мектеп-балабақша кешенінің оқушысы:

– Конференцияда мен жұмысымды ағылшын тілінде қорғадым. Оны университеттен келген оқытушылар бағалады. Қолдау көрсеткен ұстаздарыма алғысым шексіз.

 

Жанар мен Әйгерімді осындай білім сайыстарына дайындап жүрген ұстаздары олардың әр іске тиянақтылықпен және үлкен жауапкершілікпен қарайтынын алға тартуда.

 

Қалиша Айтмұханова, №26 мектеп-балабақша кешенінің математика пәнінің мұғалімі:

– Біздің оқушыларымыз 2006 жылдан бері түрлі ғылыми сайыстарға қатысып келеді. Мұндай сайыстардың оқушыларға берері мол. Өйткені олар өздерінің ғылыммен айналысуға деген бар ынталарын көрсетеді.

 

Осындай халықаралық білім сайыстары мен конференцияларының бір артықшылығы – оған қатысып, жақсы бағаға ие болғандар Қазақстанның кез-келген жоғарғы оқу орнында тегін оқу мүмкіндігіне ие бола алады.

 

Әспет Әбдірешова