Құқық қорғау органдары

Полицейлердің оқу-әдістемелік жиыны

 

Әскерилер мен қоғамдық тәртіп сақшылары ұлттық қауіпсіздік күзетінің алдыңғы шебінде жүреді. Сондықтан Елбасы құқық қорғау жүйесін жетілдіруге басымдық беріп отыр. Соңғы жолдауында үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанына дейін қолданыстағы заңнамаларды одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Құжат қоғамды ізгілендіріп, қылмыстың алдын алуға жол салмақ.

Амантай Күренбеков, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары:

– Бүгінде жеке құрамның бәрі бірдей ортақ талапқа жауап береді деп айту қиын. Міндеттерін абыройлы атқарып, антына адал болулары үшін алдымен тың технологияларды ендірген жөн. Оны іске асырудың жолдарын талқылап, жауынгерлік дайындықты тағы бір пысықтау үшін ІІМ мен ІӘ, қылмыстық атқару жүйесі және мамандандырылған күзет қызметінің мамандарын жиып отырмыз.

Басты мақсат қоғамға төнген қауіп-қатерге қалқан бола алатын қызметкерлерді жасақтау. Сонымен қатар жеке құраммен тәрбие жұмыстарын белсенді жүргізіп, кәсіби этиканың сақталуын,отансүйгіштік қасиетті санаға ұялатуды ұмытпаған жөн. Сондықтан республикалық оқу-әдістемелік жиынға өз құрылымдарындағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарға жауап беретіндер шақыртылыпты.

Махмудин  Шохатаев, Қызылорда облысы ІІД бастығының орынбасары:

– Жеке құрамды тәрбиелеуде білімімізді жетілдіріп алда атқаратын жұмыстарды жоспарлаймыз. Жаңалықтармен танысып, практикалық іс-шараларды жергілікті жердегі жұмысымызда қолданамыз.

Еліміздің жер-жерінен жиылған 60-қа тарта офицер үш күн бойы білгендеріне білім қосады. Профессорлар мен психологтардың дәрістерін тыңдап, түйгендерін тәжірибеде пысықтайды. Әскери қолданбалы өнердің амал-тәсілдеріне машықтанып, нысананы дәл көздеп атудан мергендіктерін шыңдайды. Бастысы әріптестер өз ара шеберлік алмасып, қызметін әртараптандырып, жетілдіре түсетін жаңа әдістемелермен танысады.

 

Жеңіс Ермұқанов