Қоғам

Петропавлда екінші қайырымдылық сенбілігі өтті

Жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері игі іске білек сыбана кірісті. Олар қураған жапырақ пен бұталарды жинап, қаппен көлікке артуда. Көтеріңкі көңіл-күймен саябақты тазалап жатқан олар қаланы абаттандыру әр тұрғынның парызы екенін алға тартуда.

 

Шолпан Абылаева, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкері:

-Осы сенбілікке бөлім бойынша 21 кісі шықтық. Бүгін ауа райы да жақсы болып тұр. Алдағы мереке қарсаңында шықтық.

 

Жеңіс саябағын қоқыстан арылтуға келгендердің қатары қалың. Бұл жерді тазалауда мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушылары да белсенділік танытып отыр.

 

Марина Костюченко, №9 орта мектеп оқушысы:

-Біз қаламыздың таза болғанын қалаймыз. Сондықтан сенбілікке шығып, саябақты жинастырудамыз. Тұрғындар қоқысты лақтырмай, тазалық сақтаса екен дейміз.

 

Бүгінгі қайырымдылық сенбілігіне 1210 мемлекеттік мекеменің қызметкерлері шықты. Бірқатары Жеңіс саябағын тазалауға жұмылдырылды.

 

Айдар Қуандықов, Петропавл қаласы әкімі аппаратының инспекторы:

-Жеңіс саябағында қалалық әкімдік пен оның құрылымдық бөлімдері жұмыс істеуде. Әрбіріне белгілі бір аумақтан бекітілді. Енді олар сол жерді жинастыруда. Бұл саябақты 150-ден астам азамат қоқыстан арылтып жатыр.

 

Бұл күні қаланың барлық жерінде жұмыс қызу жүрді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бірнеше сағаттың ішінде біраз шаруа тындырылды. 2-ші қайырымдылық сенбілікте 25 мыңнан астам адам еңбектенді. Олар 48 шағын бақ мен саябақты қоқыстан тазартты. Осылайша шамамен 400 текше метр көлеміндегі қоқыс сыртқа шығарылыпты.

 

Айдана Демесінова