Қоғам

Қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері

«Сыртқы орта факторларының халықтың денсаулығына әсері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға 100-ден астам ғылыми жұмыс жіберіліпті. Олар 5 бағыт бойынша сараланбақ.

Александр Тукачев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры:

Адамның денcаулығына қоршаған табиғи орта жағдайларының әсері мол. Адамға дем алатын ауаның, күнделікті пайдаланатын ауыз судың, тағамның таза болуының маңызы ерекше. Бүгін осы мәселелер талқыланады.

«Ас – адамның арқауы» демекші, денсаулықтың мықты болуына дұрыс тамақтану да әсер етеді. Медицина ғылымдарының докторы Эмиль Мұхамеджанов бүгін осы жайлы баяндады. Бұл бағытта зерттеу жүргізген ғалым адам өз өмір салтына байланысты тамақтануы керек дейді.

Эмиль Мұхамеджанов, инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, м.ғ.д, Алматы қаласы:

-Ойлауды қажет ететін және қара жұмыспен айналысатындардың ас қорыту мүшелері бірдей жұмыс істемейді. Күш жұмсаған кезде денемізден артық май бөлінеді. Ал интеллектуалдық жұмыс істейтіндерге глюкоза қажет. Алайда оның тапшылығы байқалуда. Осы ретте зерттеу жүргізудеміз.

Конференцияда өңіріміздің көрікті жерлері туралы да айтылды. Ольга Куприна туристік бағыт құрып, бүгін сол жайлы айтқалы келіпті.

Ольга Куприна, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Петропавл-Долматов бағытын құрдым. Осы бағытта жойылып бара жатқан жануарларды, өсімдіктерді көруге болады. Яғни табиғатымыздың байлығын көрсетпек ойым бар.

Сондай-ақ бұл жерде кітаптар көрмесі де жайылды. Жұртшылық назарына қоршаған орта жайлы сан алуан әдебиеттер ұсынылды.

Айдана Демесінова