Қоғам

“Ер Отан” және “Саланг” клубтарының өкілдері Ресейге аттанды

Биыл экспедицияға өңірімізден 10 солтүстікқазақстандық аттануда. Әскери-патриоттық клуб мүшелері осымен 22-ші рет қазба жұмыстарын жүргізбек. Бұл жолы олар Новгород облысының Росино аулының жанындағы орманда ҰОС жылдарында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін іздеп, жер қойнауына тапсырады. Қазба жұмыстарына “Ер Отан” әскери-патриоттық клубы мүшелері де өз үлесін қосуда.

Любовь Петрова, “Ер Отан” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Мен өзім қазба жұмыстарына алғаш рет шыққалы тұрмын. Өйткені, Отанымызды жаудан қорғаған жауынгерлердің ерліктерін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да олардың рухына тағзым ету біз сияқты жастардың парызы деп ойлаймын.

Биыл Ұлы жеңіске – 68, ал “Саланг” әскери-патриоттық клубына 25 жыл толмақ. Осы аралықта еріктілер Отанымызды жау қолына бермей, қасық қаны қалғанша соғысқан жерлестеріміздің сүйектерін іздеуге қатысып келеді. Былтырғы экспедиция барысында клуб мүшелері 15 жауынгердің сүйегін көтеріпті.

Владимир Юрченко, қалалық білім беру бөлімінің АӘД бойынша оқу орталығы директорының орынбасары:

– Отан үшін отқа түскен жандардың сүйегін іздеу үшін сол баяғы Ресей жеріне аттанғалы тұрмыз. Онда біз із-түзсіз жоғалып, қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін тауып,  қайта жерлейміз. Сондықтан да бұл жолғы экспедициямыз да сәтті аяқталады деп ойлаймын.

Қазба жұмыстары 9 мамырда аяқталады.

Гүлбану Ахметова