Өңірде өрт қаупі басым уақыт басталды

ТЖД

14:26 19 Сәуір 2013

Өңірде сәуірдің 15-нен өрт қаупі басым уақыт басталды. Осы орайда атқарылған жұмыстарды баяндай келе, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қабиден Сәдуақасов бірталай мәселені атап көрсетті. Мәселен, 12 мемлекеттік орман мекемесінде өртті бақылауға арналған 7 мұнараның аздығын айтты.

Қабиден Сәдуақасов, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:

-Бүгінде өртті бақылайтын мұнара жетіспейді. Біреуін орнату үшін шамамен 12 млн теңге қажет. Ал, бізге әлі 20-дан артық мұнара керек болып тұр. Осыншама ауқымды қаражатты облыстық бюджеттен сұрамау үшін мәселені басқаша шешуді ойластырып қойдық

Мамлют мемлекеттік орман мекемесінде бейнебақылау бар екен. Өртті дер кезінде анықтауда аталған құрылғының тиімділігі дәлелденсе, барлығын да камерамен қамту көзделіп отыр. Өткен жылы облыстық бюджеттен 50 млн теңгеге материалдық база нығайтылса да, автомашиналарды жаңарту керек болып тұр. Қабиден Сәдуақасов көліктердің 100 пайызы ескірген, тек біреуі ғана жаңа деді. Сол себепті, техникалық құралдарға сенім жоқ, өртті сөндіріп жатқанда істен шығып қалуы әбден мүмкін. Жүргізілген тексерістің нәтижесінде Қызылжар, Соколов, Орлиногор орман мекемелерінде өрттің алдын алу жұмыстары жөнді жүргізілмеген. Өткен жылы өңірде 164 га аумақты алып жатқан 9 орман өрті мен 206 тұтану фактісі тірелген. Соңғысының 30-ы Айыртау ауданында. Аудан әкімінің айтуынша, оның көбі сабан жағудың салдары.

Құрал Досимбеков, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

-Сәуірдің 1-і аудан әкімінің басқаруымен штаб құрылды. Сабанды далаға шығарып үю керек, жерді жырту қажет, сабан қалдықтарын өртемеу керек. Сол туралы агроқұрылым қызметкерлерімен әңгіме жүргіздік.

Сондай-ақ, кеңесте бей-берекет жатқан қоқыстарды өртегенде аса сақ болу мәселесі де сөз болды.

Данаш Хамзина