ТЖ

Есіл тасымайды деп болжануда

Қар күрт ерісімен қалалық апаттық және арнайы қызметтерге күніне 100 шақты  ауланы тасқын судан құтқаруға тура келген екен. Бүгінде төтенше жағдайдың тұтқынында қалғандардан түсетін шақыртулар 10 есе азайыпты. Жуырда ғана 15 арнайы су сорғыш машинаның атқарған жұмысын қазір не бары үш-ақ көлік нысанының күшімен жасау жеткілікті көрінеді.

Андрей Афанасьев, Петропавл қалалық апаттық қызметінің бастығы:

– Бүгінде әрі кетсе күніне 10 шақты үйдің орамындағы суды тазалаймыз. Десе де қаланың аса қауіпті аудандарында арнайы топтар кезекшілік құрады. Қажетті техникамен кез-келген уақытта төтенше жағдай орнына жетуге сақадай сай отыр. Қорғаныш құрылғылар мен инертті материалдардың қоры жеткілікті.

Мына жоласты құбыры Ойқала ауданында жиылған суды арнайы тазарту аумағына өткізуге арналған. Бүгінде ағысы баяулаған, тіпті тоқтап тұр деуге болады. Өйткені қауырт маусымда аса қауіп тудыратын қаланың ең төменгі ауданының көп бөлігі кеуіп қалған. Егер де Есіл өзені арнасынан асса, суағарлар бірден бекітіледі. Маңайына жеткілікті көлемде саз балшық үйілген.

Арсен Қожанов, қала әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас маманы:

– Екінші деңгейлі су тасқыны Сергеев су қоймасының толымдылығына тікелей қатысты. Бүгінде гидрожелі 98 пайызға толық. Деңгейі бұл межеден аспайды деп күтілуде. Жалпы облыс орталығынан 137 мың текше метр су сыртқа шығарылды.

Сақтансаң сақ боласың. Петропавлда көктемгі су тасқынының қауіпі сейілгенімен табиғи апатты ауыздықтауға бағытталған қорғаныш шаралары қолға алынған. Тасқынға тосқауыл болатын инертті материалдың жеткілікті қоры әзірленіп қойылыпты. Жолдар шайылып, қатынас үзілген аудандарға жасанды жаяу жол құратын жағдайлар қарастырылған.

Жеңіс Ермұқанов