Құқық қорғау органдары

Жүргіншіні соғып кеткен автокөліктің жүргізушісі ұсталды

 

Ярослав Гашек көшесінде адамның мәйітін автобус жүргізушісі аңғарып, бірден полицияға хабарласыпты. Жылу энергия орталығының қызметкері ауыр жарақаттан көз жұмған. Оқиға орнында табылған көлік шамдарының бөліктері машинаның маркасын анықтауға сеп болды. «ВАЗ- 2106» көлігін тәртіп сақшылары 3 күн іздепті. Барлығы 250 машина тексерілген. Нәтижесінде іздеу салған көлік “Гедеон” құрылыс базасының қоймаларында табылды.

Нұржан Омаров, Петропавл қаласы ІІБ тергеу бөлімінің бастығы:

– Жол-көлік оқиғасын жасаған Петропавл қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 296 және 297 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті қойма меңгерушісінің 27 жасар көмекшісі болып шықты. Ол болған жайтты бірден мойнына алды. Аталған факті бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Бұл адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы орнынан жүргізушінің ізін суытуы алғаш емес. Өткен жылы мұндай 4 оқиға тіркелді. Барлығының беті ашылды.

Инеш Шоқақова