Қоғам

Тарихи ескерткіштерге қамқорлық

 

Өңірде республикалық және жергілікті маңыздағы 5 мыңнан артық ескерткіш бар. “Нұр Отан” партиясының бастауымен барлық құнды тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру акциясы өтуде. Игі істің барысы жөнінде партияның облыстық филиалында ұйымдастырылған баспасөз маслихатында жарияланды.

Арман Бердағұлов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Жыл сайын сәуірдің 18-ші жұлдызынан ескерткіштерді қоқыстан арылтып, жуып-шайып айналасын қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз. Игі шара бүкіләлемдік тарихи нысандар күніне орай ұйымдастырылады. Акция күз айларына дейін жалғасады.

Жас ұрпақтың игі шараға білек сыбана кіріскеніне 6 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында құтты орындардың жаңғыруына өңіріміздің 300 мыңнан артық белсенді азаматы атсалысқан. Тазалыққа үндейтін кешенді жұмыстармен қатар рухани азықтандыратын танымдық жиындар да өткізілмек. Өткенсіз бүгін жоқ. Әсіресе кіндік қаны тамған жерінің шежіресін өскелең ұрпақтың білуі маңызды.

Виктор Витченко, “Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

– Жастар акцияға барынша атсалысуға ынталы. Бұған қатысты шаралардың көбін өздері бастап жүр. Тарихи маңызды күндерді таза қалада қарсы алуды қалайтын  өскелең ұрпақ бұл істі бір маусым ғана емес, жылдың төрт мезгілінде өткізуді жөн санайды. Ең алдымен жастарды біріктіретін қайырымдылық шарасы отансүйгіштікке тәрбиелейді.

“Киелі мұрамызға тағзым” шарасы аясында тарихымыздан сыр шертетін қасиетті мекендердің бірі де назардан тыс қалмайтын болады дейді ұйымдастырушылар.

Жеңіс Ермұқанов