Бизнес және экономика

Облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы

 

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында аймақ халқының саны 579 300 адамды құрады. Қалалықтардың саны артып, ауыл-село тұрғындарының қатары сиреген екен. Жыл басынан облыстағы инфляция деңгейі 1,4 пайызды құрады. Оған тарифтердің көтерілуі айтарлықтай әсер еткен. Электр энергиясының төлемақысы 9,8 пайызға өсіпті. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы жеміс пен көкөністердің бағасы 3,5 пайызға қымбаттады.

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің бастығы:

-Жемістердің құны – 1,7 пайызға, көкөністердікі – 3,7 пайызға өсті. Соның ішінде картоп – 8,4 пайызға, қызанақ – 11 пайызға, орамжапырақ – 5,1 пайызға, сәбіз – 3,6, ал алма 2,8 пайызға қымбаттады. Нанның бағасы 0,8 пайызға, ет өнімдерінің де бағасы өсті.

Орташа жалақы 8 пайызға ұлғайып, 68 919 теңгеге жетті. Алайда, біздің өңір бұрынғыдай бұл көрсеткіш бойынша көш соңында тұр. Ал өндіріс саласында аймағымыз біраз алға қадам басқан көрінеді. 3 ай ішінде 33,4 млрд теңгенің тауары өндіріліпті.

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің бастығы:

-Өнеркәсіп өндірісі аудандардың ішінде Тайыншада дамуда. Мұндағы көрсеткіш 25,3 пайызға артты. Бұл ауданда титан-цирконий кенін, ет өндіру оң жолға қойылды. Сондай-ақ, пластикалық құбыр өндіріле бастады.

Жыл басынан құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд 215 млн 500 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылғыдан 1,7 есеге артық. Тұрғын үй құрылысына  423,6 млн теңге жұмсалды.

Қаңтар айындағы тауар айналымы 53,9 млн АҚШ долларына жетті. Кеден Одағы елдерімен өзара сауда құрылымында импорт үлесі басым болды.

Айдана Демесінова