МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлерге энергия үнемдеу туралы

 

ISO 50001 – бұл бір мезгілде пайдаланушыға экономикалық пайда беретін және қоршаған ортаға жүктемені азайтатын ең үздік практика құралы. Сондай-ақ энергия үнемдеуге қойылатын жаңа талаптарды да ескереді. Қазіргі таңда өнеркәсіпте бұл мәселеге баса көңіл бөлінеді. Оған жаңа технологияларды енгізу арқылы емес, басқарудың әдістері мен тәсілдерін өзгерту есебінен қол жеткізіліп отыр. Бұл үрдісті қалай жүзеге асыру керектігін 2 күн бойы ақтөбелік маман Виталий Чичаев түсіндіруде.

Виталий Чичаев, семинардың тренер-консультанты:

– 2012 жылдың қаңтар айында «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігі» Заңы қабылданған болатын. Биыл компаниялар міндетті энергия менеджменті жүйесін енгізуге міндетті. Бұған құрылғылардың жұмыс істеу режимін өзгерту, персоналды қайта даярлау сынды шаралар арқылы қол жеткізуге болады.

Қолдану нәтижелері бойынша энергия менеджменті саласындағы жүйелі жұмыс тұтынуды 5-тен 20 пайызға дейін азайта алады. Мақсатқа жету үшін ауқымды инвестицияның да қажеті жоқ. Бұл кеңестерді семинарға қатысушылар мұқият тыңдауда.

Евгений Ильичев, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ инженер-энергетигі:

– Біздің кәсіпорында энергия менеджменті жүйесі қолданылады. Сондықтан семинар арқылы туындаған сауалдарға жауап алдық. Тың әдістер жайлы хабардар болдық.

Семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Инеш Шоқақова