Аптадағы маңызды жаңалықтар

Егіс науқанына дайындық

 

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің басты астықты аймағы. Оны ауылшаруашылығы еңбеккерлері қатарынан бірнеше рекордтық астық бастырумен дәлелдеп келеді. Оған заманауи техникалардың да қосқан үлесі зор дейді шаруалар қауымы. Машина- трактор паркі жыл санап жаңару үстінде. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің басы қосылған бұл жолғы жиында да олардың назарына соны техникалар ұсынылды.

Руслан Хасенов, «Ростсельмаш» АҚ өкілі:

– Көрмеге 10-нан астам жаңа техника шығардық. Оның дені жем-азық дайындауға бағытталған. Бүгінде сұранысқа ие, себебі өңірде мал басы артып келеді. Техникамларымызды “Қазагрофинанс” арқылы лизингке алуға болады. Кепілдеме мерзімі екі жыл.

Қаз-қатар тізілген ауыл шаруашылығы техникаларының жаңа түрлерін облыс әкімі Самат Ескендіров аралап көрді. Бәрі де өңір агроқұрылымдарының көктемгі егіс науқанына қолайлы. Оған әзірлік барысы алқалы жиында кеңінен талқыланды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-СҚО – еліміздің басты астықты аймағы. Бізде өсірілетін ырыс дәні ел қамбасының төрттен бірін толтырады. Биылғы жылы 4 миллион 338 мың гектар жерге астық себу межесі тұр. Оны жұдырықытай жұмыла атқаратынымызға сенім мол.

Қауырт маусымның басталуына аз уақыт қалды. Жиында агроқұрылымдардың дайындықтары жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндады. Облыстағы 46 шағын шаруа қожалықта тұқым жоқ. Аймақ басшысы мәселені шешуді тапсырды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Тұқым алу жөнінде келісім жасалған, бірақ ол әлі қағаз жүзінде. Шамалы уақыттан соң көктемгі дала жұмыстары басталмақ, сонда олар жерге не себеді, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек.

Көктемгі егіс науқаны барысында агротехнологиялық шараларды да естен шығармаған жөн. Бұл ғалымдардың пікірі. Биыл өңірімізде дәнді дақылдар алқабы қысқартылып, есесіне майлы және жем-азық жерлері кеңейтіліп отыр. Өсімдік шаруашылығын диверсификациялаудың тиімділгі біріншіден топырақ құнарлылығын арттыруға жол ашса, екіншіден төрт түлікке қажетті азық базасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жексенбай Қасқарбаев, Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры: – Елімізде күнбағыс өсіру алдыңғы, зығыр егу екінші орынға шығып отыр. Бұл ретте сіздердің облыстарыңыз көш бастап келеді. Ол қазіргі күні мал басын дамытып отырғандарға да тиімді. Бұл ретте майлы дақылдар аумағын арттыратын болса одан зиян шекпесіміз анық.

Бұл ойды «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко да қолдап отыр. Себебі бүгінгі күні аталмыш шаруашылық егіншілікпен қатар, мал басын дамытуда да алдыңғы қатарда. Төрт түлік өсіргесін оған қажетті жем-азық қоры да мол болған дұрыс. Теріскейдің биылғы қысы қарлы болды. Ендігі жерде ылғал сақтау технологияларын дер кезінде пайдаланғанымыз абзал.

Қымбат Мерғалимова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

-Биылғы ылғал жақсы. Ол 80-100 пайызға дейін жетеді. Егін сабу науқанын мамырдың екінші онкүндігінен бастаған жөн. Сол кезде ырыс дәні жақсы бас тартып кетеді. Ол мол астықтың кепілі.

Осы жылы теріскей диқандары 4 миллион 338 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірмек. Белгіленген межені бағындыруға толық мүмкіндік бар. Машина-трактор паркі сақадай-сай, қажетті 70 мың тонна арзандатылған жанар-жағар майдың бүгінге дейін 40 пайызы шаруаларға үлестіріліпті, қажетті минералды тыңайтқыштардан да тапшылық болмайды. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, уақтылы аяқтау қажет деді.

Самат Есмағи