Ауыл шаруашылығы

Балық шаруашылығын дамыту

 

Облыс бойынша 254 су қоймасы 118 табиғат пайдаланушыға жалға берілген. Мамандардың айтуына қарағанда, жалға алушылар тарапынан балық шаруашылығын дамытуға деген қызығушылық бар. Сондықтан да олардың айтқан ұсыныстарына құлақ асып, бірлесе жұмыс жасау керек.

Қырым Аяжанов, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Балық шаруашылығын дамыту бағытында жалға алушылар өткен жылы белгілі бір жұмыстарды атқарды. Былтыр су қоймалары тексеріліп, олардың нәтижесі бойынша тағы 39-ы жалға берілді.

Балық шаруашылығымен айналысатын мамандар кейбір өзен-көлдерде судың таяздануына байланысты қиындықтар да жоқ емес дейді. Сондықтан бұл мәселеге назар аудару керек. Есіл ауданында 13 су қоймасын жалға алып отырған Владимир Блиновтың шаруа қожалығы жылына шамамен 80-100 тонна балық аулайды екен. Оның айтуына қарағанда балық шаруашылығын дамытуда әлі де бірқатар мәселелерді шешу қажет.

Владимир Блинов, «Блинов» шаруа қожалығының иесі:

– Қазір балық аулауға рұқсат қағазды Астанаға барып алу керек. Тағы бір мәселе, заң бойынша ел көлеміндегі барлық су қоймалары, өзен-көлдер, теңіздер теңестіріліп қойылды. Бұл дұрыс емес. Себебі балық шаруашылығын жүргізуге байланысты әр аймақтың климаты немесе су бетіндегі мұздың қалыңдығы ескерілуі керек.

2012 жылы облыстық балық инспекциясы табиғат пайдаланушыларды қадағалау мақсатында 53 рейд шараларын ұйымдастырған. Шамамен 140-қа жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың негізі заңсыз балық аулауға қатысты болып отыр. Сондай-ақ жиында балық инспекциясының мамандары сәуірдің 20-нан бастап, мамырдың 20 на дейінгі аралықта суға ау салуға тыйым салынатынын айтты. Себебі бұл уақытта балықтар уылдырық шашады.

Әспет Әбдірешова