Билік

Жалақы қарызы

Еңбек дауларының көп бөлігі жалақы мәселесіне қатысты. Бүгінде бірқатар кәсіпорын қызметкерлеріне атқарған шаруаның тиісті құнын өтемеген. Нақтылап айтсақ 11 жұмыс беруші нарық заманында басты міндетін орындамай еңбек ақыны айлап кешіктіруде. Осының салдарынан 1365 адам өздеріне тиесілі 76,5 млн теңгені әлі көрмей отыр. Қарызға белшесінен батқан мекемелердің бірі тақырға отырып, жұмысын тоқтатты. Бар берешектің 54 пайызы “Баско” және “СП Трансавто” серіктестігінің мойнында. Соңғы екі жылда бұл кәсіпорындар 35 мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 млн теңгенің айыппұлы салынды.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жалпы облыста биылғы жыл басынан 35 заңды тұлға 4,8 млн теңгенің айыппұлын өтеуге мәжбүрленді. 8 іс әкімшілік соттың қарауына жіберілді. Негізінен “Баско” “Транспортник”, “Халықаралық әуежай”, “Автобус паркі” серіктестіктеріне қатысты. “Виктория 2003” және “Краснокиевка” кәсіпорындарының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

 

Алайда қолға алынған бұл шаралардың нәтижесі шамалы дейді Фархат Қуанғанов. Қозғалған қылмыстық істер соңғы нүктеге дейін жетпей, аяқсыз қалып отырады екен. Жүйелі түрде орын алатын олқылықты түбегейлі жоюға ниет танытпағандардың көбі агроқұрылымдар. Сондықтан да отырыста міндеттерін мерзімді орындамағандарды сабасына түсіру үшін жер телімдері мен субсидия бөлуді тоқтату ұсынысы жасалды. Өңір жетекшісін осы тұрғыда еңбек инспекторларының борышкерлерге қандай шаралар қолданатындығы қызықтырды.

 

Жанахмет Тащығұлов, СҚО әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің бастығы:

– Алдымен 10 күннің ішінде жұмысшылардың жиналып қалған жалақысын өтеу керектігі жөнінде хат жолданады. Талап орындалмаса, 200 АЕКМ айыппұл салынады. Оған көнбесе мәжбүрлі түрде қайтару үшін басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалады.

 

Самат Ескендіров еңбек заңнамасының орындалуы үшін тек бекітілген тәртіппен шектелу аздық ететінін тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Сіз өз басыңыз соңғы жылы инвесторлармен қашан кездестіңіз? Телефонмен? Сіздің инспекторларыңыз қайда, олардың іссапарға шығу мүмкіндіктері бар ма, инвесторлардың офистеріне барып, акт жасау үшін? Бар болса,  қимылдаңыздар.

Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне жалақыны уақытылы өтеуді бақылап, берешекті өтеуде кешенді шараларды қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ отырыста “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында іске қосылатын нысандардың жоба-сметалық құжатын дайындау  мәселелері қаралды.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

-Біз министірліктерге 1млрд. 960 млн. теңгеге  бюджеттік сұрау жібердік. Соның ішінде тұрғын үйлерді жөндеп, инфрақұрылымды жаңғыртуға 1 млрд. 10 млн теңге сұрадық. Бағдарлама аясында облыс орталығында 200 орындық жатақхана салу да жоспарланып отыр.

 

Бүгінде өңір аудандарының бірі де баспана құрылысына сметалық құжаттаманы тапсырмапты. Маңызды шаруаға қарқын қосылмаса, республикалық трансферттердің бөлінуі екі талай.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жоба-сметалық құжаттама кез-келген құрылыстың алғы шарты. Сол бекітілген жоспарға сай нысан көтеріледі. Құрылыстың дамуы біріншіден өңір деңгейінің дамуын көрсетіп, экономиканың өсуіне ықпал етеді.

 

Сондықтан Самат Ескендіров жергілікті атқамінерлерге қажетті қаражатты ерте құнттап, бөліп қоюды талап етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облыстық деңгейдегі сараптамаларды жылдамдату керек. Мүмкіндікті пайдаланып, халық көп шоғырланған елді мекендерге су тартып, жолдарды жөндеуге ден қойған жөн. Бұл дегенің шағын ауылдарды қалыпқа келтірмейміз деген сөз емес. Бірінші кезекте аса мұқтаж жандардың жағдайы жасалады.

 

Облыс әкімі жиынды қорыта келе бөлінген қаржыны толығымен игеруді жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов