Қайырымдылық

Тасқыннан зардап шеккендерге қайырымдылық акциясы

Көктемгі су тасқынының кесірін жеке сектордың тұрғындары татуда. Елена Логинова топан сумен өздігінен күресуге қауқарсыз жандардың бірі. 90-ның төріне аяқ басқан қарияның мәселесін арнайы қызметтер шешіп беріпті.

 

Қанат Баяндин, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

-ТЖД, өрт сақшылары, “Коммунхоз” коммуналдық кәсіпорыны мен суда құтқару қызметі өкілдері бір мүддеге жұмылдырылды. Бірлесіп облыс орталығындағы 96 үйді судан арылттық. 2 мүгедекті қауіпсіз аумаққа шығардық.

 

Енді зейнеткерге Қызыл ай қоғамының еріктілері көмек қолын ұсынып отыр.

– Міне сіздерге ақша, азық-түлік

– Көп рақмет

Бұндай қамқорлық жалғыз басты аға буын өкілдері мен мүгедек жандарға жасалуда. Игі шара ел көлемінде 2-ші сәуірден бастау алды.

 

Сауле Оразова, ҚР “Қызыл ай” қоғамының СҚОФ директоры:

-Мақсатымыз топан судың зардабын шеккендерге көмек көрсету. Қазір жапа шеккендерге аса қажет киім-кешек, азық-түлік жинап, қаржылай қолдау жасауды қолға алдық. Өзгенің мәселесіне өзінікіндей қарайтын жандар көбірек болса дейміз.

 

Ұйымдастырушылар өңір тұрғындарын мұқтаж жандарға мүмкіндігінше қолғабыс жасауға үндейді. Ал сәуірдің 21-і сағат 14.00 Петропавлдағы Достық үйінде қайырымдылық кеші ұйымдастырылады.

Жеңіс Ермұқанов