Қоғам

«Саланг» биыл да Еске алу апталығына қатысады

Биыл өңіріміздің қайырымды ұрпақтарынан құрылған жасақ 22-ші рет экспедиция жасамақ. Осы аралықта салангтықтар талай жауынгердің сүйегін тауып, жер қойнауына тапсырыпты. Қазір белсенді топ кезекті халықаралық “Еске алу вахтасына” ат салысуға әзірленіп жатыр. Жетекші соңғы нұсқауларын беріп, жасақ мүшелері алыс жолға керек жарақты құнттауда.

 

Александр Андросов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

-Клубқа мүшелік еткеніме 4 жыл болды. Қазба жұмыстарына шығуға алғаш рет сәті туды. Өте қуаныштымын. Біріншіден бейбіт өмір үшін жан қиған аталарымыздың аруағына құрмет көрсетеміз. Бұл менің қасиетті парызым деп санаймын.

 

Ирина Шефер іздеушілер тобының сапына екінші мәрте қабылданыпты. Нәзік жандыға былтырғы оңай емес сапарда нағыз ер мінез танытуға тура келген.

 

Ирина Шефер, “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Әрине оңай болмады. Десе де ерлерден қалыспай қазба жұмыстарына толықтай қатыстым. Бір жауынгердің сүйегін таптым. Өз қолыңмен сұм соғыстың қалдықтарын алып шыққанда тарихқа еріксіз саяхаттағандай әсерге бөленесің. Бұл біздің мақтан тұтар шежірелі жылдардың көрінісі. Сондықтан Ұлы жеңістің жәдігерлері жер астында қалмауы керек.

 

1941-44 жылдары Ресейдің Новгород облысында кескілескен ұрыстар өтті. Отанын жауға бермей, қасық қаны қалғанша алысқан кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерін сол қанды шайқастарда жер жұтты. 860 мыңнан астам сардар із-түссіз жоғалып, қаза болғандардың қатарында. Былтыр ғана ТМД елдерінің қайырымды жастарының басын қосқан экспедиция барысында 475 жауынгердің сүйегі көтеріліпті. Өкінішке қарай олардың есімдерін анықтау мүмкіндігі жоқ.

 

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Отан үшін отқа түскен қайсар жандардың сүйектері  Ресейдің Ясная-Поляна бауырластар зиратына құрметпен жерленеді. Көбіне мыңдаған қару-жарақ, оқ-дәрілері, әскери заттар жер бетіне шығады. Олар залалсыздандырылып мұражайларға тапсырылады. Биыл да тарихтан сыр шертетін біраз олжамен оралуға тырысамыз.

 

Жерлестеріміз сапарға 19 сәуір күні аттанады. Қазба жұмыстары Ұлы жеңіс мерекесі 9-шы мамырға дейін жалғаспақ.

Жеңіс Ермұқанов