Оқушылар америкалық қонақтарды халқымыздың мәдениетімен таныстыруда. Меймандар сәуірдің 12-сі өңірімізге келген екен. Мақсат – ағылшын тілін насихаттау. Америкалықтар оқушыларға ғана сабақ бермей, облыстағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне арнап шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Шетел азаматтарымен қоштасар күні жерлестеріміз дастархан жайып, ұлттық дәстүрлермен таныстырмақ болған екен. Еліміздің мемлекеттік нышандары, қазақ халқына тән бұйымдар, ұлттық киімдер жайлы айтылды. Ұлттық тағамнан дәм татқан америкалықтар әншілер мен мың бұралған биші қыздардың да өнерін тамашалады. Оқушылар қазақ халқын әлемдегі барша халық таныса екен дейді.
Диляра Ернауанова, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей оқушысы:
-Біз бүгін сынып сағатын өткіздік. Сол сынып сағатында қазақтың көптеген салт-дәстүрлерін көрсеттік. Үстел жасадық. Онда ұлттық тағамдарымыз болды. Мысалы, қымыз,бауырсақ, шұбат. Олар бізді ұмытпауы үшін қонақ-кәде сыйладық. Америкалық қонақтардың келуі – ағылшын тілін меңгеруге әсер тигізді.
Шет елден келген мұғалімдер солтүстікқазақстандықтардың мұндай қошеметіне разы болды.
Барбара Берри, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, АҚШ:
-Сіздердің қалаларыңызға келгенімізге қуаныштымыз. Өте көп жағымды әсер алдық. Қазақстандықтар қонақжай халық екен. Қазақстан елімен, Петропавлмен жақынырақ таныстық. Оқушылар да талапты. Мұндай жұмыс істеу біз үшін оңай болды.
Бұл күні қонақтардың назарына елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де мәдениеті ұсынылды. Орыс халқының тағамынан да дәм татып, мерекелерімен танысты. Кейін украин халқының салт-дәстүрін тамашалады.
Мерей Тілеуханова,М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей оқушысы:
-Біз Қазақстанның көпұлтты екенін көрсеттік. Біздің сынып украин халқының мәдениеті жайлы ақпар дайындап, ұсынды.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облысымызға келген Синди Видворд пен Барбара Берридің де бұған көздері жетті. Оқушылар әзірлеген концерттік бағдарламадан кейін олар да жерлестерімізді америка мәдениетімен таныстырды.
Синди Видворд, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, АҚШ:
-Оқушыларға америкалықтардың тағамдарын, спорттың қандай түрімен айналысатындарын айтамыз. Біздің елде қай жерлерге баруға болатынын, жалпы, шәкірттерді қызықтыратын деректерді келтіреміз.
Жалпы Қазақстанға 10 америкалық азамат келген екен.
Айдана Демесінова