Денсаулық сақтау

Скринингтік тексерулер дерттің алдын алуда тиімді

 

Елімізде скринингтік тексеру жүйесі 2008 жылы пайда болған екен. Сол кезден бастап жерлестеріміз де бұл қадағалаудан өтіп келеді. Мерзімінде скринингтік тексеруден өту обыр дертінің алдын алудың, ерте сатыда емдеудің тиімді тәсілі. 30-70 жас аралығындағы әйелдер тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда мұндай бақылаудан тегін өтеді. Осыған байланысты толық ақпаратты нәзікжандылар енді арнайы сайттардан да біле алады.

Лариса Беляева, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары облыстық орталығының директоры:

-Әр емхананың, денсаулық сақтау басқармасының веб- сайтында халыққа арналған медициналық ақпараттық- анықтамалық мәлімет бар. Ол 10 тарауға бөлінген. Онда кез-келген мағлұматты білуге болады. Скринингтік тексерістен қай жас аралығындағы әйелдер өтуі керек, қай дәріні қалай қабылдау керек екені, жалпы барлық қажетті мәліметті осы жерден табуға болады.

Соңғы кездері өңіріміздегі онкологиялық жағдай көңіл көншітпейді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша облыста осы көрсеткіш көш бастап тұр. Бұл жылы дертке шалдығу 1,2 пайызға ұлғайыпты. Нәзік жандылардың өз денсаулығына бейжай қарауы да басты себептердің бірі. Сондықтан дәрігерлер скринингтік бақылаудан уақытылы өтуге кеңес береді.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

-Ішек ауруларының орындалуы кішкене төмен. Ол 12,3 пайыз облыс бойынша. 25 пайыз болу керек. Кей аудандардан бұл көрсеткішті көтеруді сұраймыз. Ол Тимирязев ауданы, Қызылжар және Ақжар аудандары.

Өңірдегі жағдайды жақсарту үшін бірқатар шаралар жасалып жатыр. 2013 жылдың ақпан айында облыстық онкологиялық диспансерге видеокольпоскоп құрылғысы сатып алынды. 1айдың ішінде осы қондырғы арқылы 44 азаматша тексеруден өтті. Бұрынғы жабдықтан жаңа аппараттың артықшылығы көп.

Ольга Краснопевцева, облыстық онкологиялық диспансердің онкогинеколог дәрігері :

-Кольпоскопиялық зерттеу әдісін білетін кез-келген дәрігер бұл аппаратпен жұмыс істей алады. Жабдық жатыр мойнын анық көрсете алады, ол арқылы суретті 300 есе ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұрынғы құрылғы суретті 16 есеге ғана үлкейтетін.

Сондай-ақ жуырда емдеу мекемесі жаңа ультрадыбыстық аппаратқа ие болды.

Айдана Демесінова