Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Болашақ” бағдарламасы

 

“Болашақ” бағдарламасы еліміздегі білім сапасының деңгейін айқындайды. Мәселен, жылына Қытай жастарының алты мыңы шет мемлекетте оқу мүмкіндігіне ие болса, республикамызда  – 3 мың. 20 жыл ішінде «Болашақ»  бойынша шет мемлекетке 9,5 мыңнан астам қазақстандық аттанса, бүгінгі күні олардың 5,5 мыңы оқуларын тәмамдап елге оралған. 2700 әлі білімдерін жалғастыру үстінде. Бұл мәліметтерді облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов атап көрсетті.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Облысымызда 2005-2012 жылдар аралығында “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерге аттанғандар саны –  128. Қазіргі күні олардың 27-сі  Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Чехия, Австралия, Германия секілді мемлекеттерде әлі оқып жатыр.

Білімдерін тәмамдап, елге оралғандарды еңбекпен қамтуда мәселе де жоқ емес. Олардың дені жалақысы жоғары қызметтерді көздеп, Астана мен Алматы, сондай-ақ шетелдік ірі компаниялар шоғырланған өзге қалаларға кететіні мәлім. Фархад Қуанғанов «Болашақты» бағындырып келген 121 солтүстікқазақстандықтың тек 12-сі ғана бүгінгі таңда облыс орталығында еңбек етіп жатқандығын атап көрсетті. Жиында соңғы жылдары шет мемлекеттерде оқуға ниет білдіретіндер санының азайып кеткендігі де айтылды.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

-Қазіргі күні сыртта 31 студентіміз оқып жатыр. Ниет ететіндер бар, алайда көрсеткіштің төмендеуіне тілдік барьер кедергі болады. Қазіргі күні осы бағытта жұмыс жасаудамыз.

Студенттерге қарағанда мемлекеттік қызметшілердің «Болашақ» бойынша білімдерін толықтырулары әлдеқайда жеңіл көрінеді.

Арман Өтегенов, СҚО табиғи монополияларды реттеу инспекциясының бастығы:

-Мемлекеттік қызметшілердің шет елде білім алулары оңтайландырылған. Олардың тілді меңгеру жөніндегі тест тапсыруларының өзіндік параметрлері бар. Яғни бір жыл тілді үйрену курсынан өтесің, кейін тест тапсырып, жоғары оқу орнына түсуіңе мүмкіндік бар.

«Болашақ» бағдарламасының қабылданғанына біраз жыл. Алайда өзге өңірлермен салыстарғанда біздегі көрсеткіш төмен.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Республикалық көрсеткіште біздің еншіміз не бары 1 пайыз. Бұл аз әрине. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандыруды білім және жастар саясаты істері жөніндегі басқарма басшыларына тапсырамын. Жастарға аталмыш бағдарламаны жан-жақты түсіндіру қажет.

«Болашақтың» жастарға берері мол. Қолда бар мүмкіндікке ұмтылу қажет. Осыны әрқайссымыз түйсінсек игі.

Самат Есмағи