Білім

Петропавлдық оқушылар екі бірдей халықаралық жарыстан жүлделі оралды

 

 

Байқоңырда ғарыштық зерттеулер бойынша “Ғылым әлемін ашамыз” деген атпен ұйымдастырылған жарысқа өңірден 18 оқушы қатысты. Бесеуінің жұмысы қазылардың назарына ілігіпті. Виктор Филинков “Ғарыштық тапсырмаларды модельдік бағдарлармен қамту” атты жобасын ұсынған. Оқушының еңбегі еленіп, 600-ге жуық жұмыстың ішінде үздік үштікке еніпті.

Виктор Филинков, №4 орта мектептің оқушысы:

– Мұндай халықаралық жарысқа бірінші рет қатыстым. Бұған дейін осы жұмысыммен қала, облыс көлемінде бірінші орын алдым. Жобамды зерттеуге көп уақыт кеткен жоқ. Дегенмен қазылар алқасын таң қалдыра білдім.

Ал, осы мектептің тағы бір түлегі Юлия Кобелева болса, Мәскеуде Владимир Вернадский атындағы ХХ-шы бүкілресейлік жасөспірімдер оқуларынан бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты.

Юлия Кобелева, № 4 орта мектептің оқушысы:

– Біз зерттеу үшін Герольд Бельгердің “Разлад” романын алдық. Сөйтіп, ондағы кейіпкерлердің шынайы бейнесін ашуға тырыстық. Яғни жақсылық пен жамандықты көрсеттік. Жалпы бұл байқау маған ұнады. Көптеген ғалымдардың еңбектері жайлы тыңдадым.

Бұл білім ордасында 700-ге жуық оқушы білім алады. Биыл алтын ұя мектепті 35 оқушы тәмамдамақ.

Наталья Килоева, №4 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары:

– Біздің мектептің оқушылары ғылыми жобаларын байқауларға үнемі жіберіп тұрады. Республикалық және халықаралық жарыстардан құр қол қайтқан емес. Шәкірттердің мұндай жетістіктерімектептегі педагогтардың арқасы.

Гүлбану Ахметова