Қоғам

«Нұр Отан» ХДП тұрғын үй құрылысын бақылауда

 

Уәлиханов пен Шухов көшелерінің қиылысында салынып жатқан 90 пәтерлі  үйдің құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталған. Қолданысқа тапсырылатын мерзім ағымдағы жылдың  – 20 қыркүйегі. Бас мердігер  – “Основание” серіктестігі. Жоба құны 642,396 миллион теңге. Бүгінде бес қабатты үйдегі жұмыстар тек 25 пайызға орындалыпты. Оған қаржы қолбайлау болуда дейді құрылысшылар.

Сергей Тимофеев, “Основание” ЖШС директоры:

-Өткен жылы бөлінген қаржыны толығымен игердік. Биылға қарастырылған сома 533 миллион теңге. Ол осы айдың басында бөлінуі тиіс болатын, алайда әлі жоқ. Айдың соңына дейін түссе, жұмыс қарқынын арттырамыз. Үйді тапсыратын мерзімді қарашаға шегердік.

Бұл үй “Қол жетімді баспана -2020” бағдарламасы арқылы салынып жатыр. Тапсырыс беруші “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалы. Құрылыс барысы “Нұр Отан” партиясы бақылау бекетінің жіті қадағалауында. Олар қайткен күнде де жұмыс қарқынын арттырып, жыл соңына дейін екі нысанды да қолданысқа тапсыру қажет деп отыр.

Жасұлан Ахметов, қалалық мәслихаттың депутаты, “Нұр Отан”ХДП қалалық филиалы партиялық бақылау бекетінің жетекшісі:

-Құрылыстың аяқталу мерзіміне аз уақыт қалды. Алайда ол кестеге сай жүргізілмей отыр. Оған екі мәселе себеп. Біріншісі қаржының уақтылы бөлінбеуі болса, екіншісі құрылысқа қажетті материалдардың уақтылы жеткізілмеуі. Оны Көкшетау кірпіш зауыты өз мойнына алған болатын. Қажетті кірпіш өткен жылдың соңында толығымен әкелінуі тиіс еді құрылыс алаңдарына. Алайда олар уәделерінде тұрмады. Басқа фирмамен келісім жасауды ойластыруымыз керек. Уақыт аз.

Набережная мен Победа көшелерінің қиылысында салынып жатқан 55 пәтерлі үйдің қарқыны алдыңғыға қарағанда біршама жобалы. Дегенмен ондағы жұмыстарға да қаржы мен құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілмеуі қолбайлау. Бас мердігер  – “Петростройлюкс” серіктестігі. Ондағы мамандар жұмысқа кедергі болар мәселелер шешімін тапса, баспананы белгіленген межеден сәл кешірек тапсырамыз деп отыр.

Самат Есмағи