ТКШ

Биыл облыс орталығында 60 баспана жөнделмек

 

Мына 4 қабатты үйдің бой көтергеніне 51 жыл болыпты. Сондықтан күрделі жөндеуді қажет ететіні анық. Тұрғындар өз күштерімен подъездерді, жертөлесі мен шатырды қалпына келтіруге тырысқан. Пәтер иелерінің  жиған қаражатына темір есік пен домофон орнатылыпты. Алайда жөндеу жұмыстары осымен шектелген. Өйткені тұрғындардың дені – зейнеткерлер. Шешім табылды. Жамбыл көшесіндегі 127 -үйдің пәтер иелері тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысқан. 2011 жылы шатыр жөнделіп, балкондар жаңа кейіпке еніпті. Жұмыстың құны – 6 млн 521 мың теңге. 1 бөлмелі пәтер тұрғындары 114 287 теңге қайтаруға тиісті. Ай сайын бұл сома бар болғаны 1 361 теңге. Бағдарламаның тиімділігін көрген тұрғындар бір жылдан соң жылу есептегіш құрылғыларын орнатуды шешіпті.

Виктор Шукан:

Қаңтар, ақпан айларында су мен жылудың түбіртектерін алдық. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Өйткені жөндеу жұмыстары мен мына құрылғыны орнатқалы азырақ төлейтін болдық. Жылуды да өзіміз реттеп отырамыз. Өте тиімді.

 

Бұл құрылғының құны – 1 млн теңге. Әр пәтердің шаршы метріне сай төленеді. Айына 1000 теңге шамасында. Биыл бағдарламаға қатысамын деген мұндай тұрғындар саны біршама артыпты. 60 баспана жөнделеді деп жоспарлануда. Бірақ тұрғындардан түскен өтініштер саны бұдан да артық.

Қанат Баймұхамбетов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы:

– Жыл сайын тұрғындар таңдайтын жөндеу көлемі мен қаражаты артып келеді. Олар бірден кешенді жөндеуге кірісті. Биылдан бастап алдын ала жөндеуге кететін қаражаттың 3 пайызын, келер жылы 5 және 2015 жылы 7 пайызын жинау қажет болады.

Сондай-ақ бағдарламаның талаптарына біршама өзгеріс енгізіліпті. Төлемді қайтару мерзімі 15 жылға дейін ұзартылып отыр. Бұл көпқабатты емес үйлер үшін тиімді.

 

Инеш Шоқақова