Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қызылжар” өз алаңындағы ойындарын сәтті бастады

 

Жергілікті аяқ доп шеберлері кезекті маусымды сәтті бастады. Сырт алаңдағы алғашқы кездесулерін жеңіліссіз өткізіп, 4 ұпай жинады. Нәтижесінде турнир кестесінің екінші орнында келеді. Алаң иелерінің үйдегі бірінші кездесуін ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров алған райларынан қайтпауды тіледі.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ақырғы жылдары футболдың деңгейі төмендеп барады. Биыл футболшыларымызға, бапкерлерге, спорт мамандарына үлкен сенімдеміз. Футболдың деңгейі бір деңгей жоғары болады деп үміттенеміз.

Кейін өңір жетекшісі дәстүрге сай допты ойынға қосып, қарсыластар негізгі мақсаттарына кірісті. Петропавлдықтар ойынды бірден ширақ бастап, “Қайсар” құрамасының қақпасын әр қапталдан торауылдауға кірісті. Алаң иелері ала допты ұршықтай иіргенімен бірінші бөлімде жанкүйерлерді голмен қуанта алмады. Алайда екінші таймда қызылжарлықтар діттегеніне жетіп, қонақтардың қақпа кілтін ашты. Саңылауды ойынның 50-ші минутында Александр Загура дәл көздеп таба білді. Қайсарлықтар есені қайтарамыз деп әрекеттенді. Алайда ойын өрнегі өзгерген жоқ. Жергілікті ойыншылар  қоржынға тағы ұш ұпай қосты. Жеңіс голын соққан Александр Згура кездесудің үздік ойыншысы атанды.

Александр Згура, «Қызылжар» ФК ойыншысы:

– Маусым енді басталды. Құрамалар әлі бабына енген жоқ. Сондықтан кімнің мықты екенін дөп басып айту қиын. Бүгін нағыз командалық ойынның үлгісін таныттық деп ойлаймын. Осы бағыттан жаңылмауға тырысамыз.

Бұны қызылжарлықтар сәуірдің 17-сі күні өтетін өз алаңындағы келесі ойында дәлелдеуге тырысады. Онда олар Ақтау қаласының “Каспий” құрамасын қабылдайды.

Жеңіс Ермұқанов