Денсаулық сақтау

Науқастар жайлы мәліметті орталықтандырылған ақпараттық жүйеден табуға болады

№3 қалалық емхана күніне мыңнан астам сырқаттарды қабылдайды. Солардың бірі – Мария Мяличева. Ол дәрігерге денсаулығын тексертіп, тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмегін алуға келіпті. Науқас жайлы барлық мәлімет денсаулық сақтау министрлігінің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде бар. Себебі ол емханада тіркеуде тұр.

Мария Мяличева, науқас:

-Қант диабетіне шалдыққаныма 30 жыл. Содан бері тіркеуде тұрмын. Бұрындары қажетті дәріні қаланың дәріханаларынан іздеп әуре болатынмын. Жаңа жүйе ыңғайлы болды. Бұрынғыдай бума-бума қағаз толтырылмайды. Дәрігер қарап шығысымен дәрілерімді осы жерден келіп алып кетемін.

Зейнеткер дәрігер қабылдауында көп уақытын жоғалтқан жоқ. Дәріханашы болса, оған қандай дәрі-дірмек керектігінен хабардар. Түзілім мен қажетті препараттар тізімі компьютерде бар. Тек науқастың аты-жөні мен тегін енгізсең болды, бар ақпарат көз алдыңда. Бір айтары, тегін дәрі-дәрмек тек сырқаттың тіркеуге алынған емханасынан ғана беріледі. Ал тізімге куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы қойылады.

Әлия Тәшетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

-Бұл жүйе арқылы біз науқастың дәріні алған-алмағанын, өзі келді ме, әлде өзгені жіберді ме, осыны бақылап отыруға мүмкіндігіміз бар. Әрі дәрілер рецептпен босатылды ма, осыны да бақылаймыз.

Бүгінгі күні №3 қалалық емханаға тіркеуге алынған сырқаттар саны 5 мыңның үстінде. Олардың бәрі тегін дәрі дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Дәрігерлер емдеу мекемесін қажетті препараттармен қамтамасыз етуде фармацевт фирмалар тарапынан кешеуілдеу жоқ дейді.

Самат Есмағи