Қайырымдылық

Алғашқы қайырымдылық сенбілігі

 

Бұл жолы күн салқын болса да, алғашқы сенбілікке шыққандар аз емес. Облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының қызметкерлері солардың қатарында. Құнды құжаттар мен қағаздарды ұқыптылықпен сақтап үйренген мұрағатшылар аула тазалығына да баса мән береді. Сондықтан сенбілікте өздерінің ғимараттарын ақтап-сырлап, аумақты тазартуға кірісті.

Мереке Баймұқанов, СҚО мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бөлім бастығы:

– Біз Интернационал көшесінің бойын Театральнаядан Павлов көшесіне дейін жинаймыз. Өзіміздің бір күндік жалақымызды қалалық ардагерлер кеңесінің шотына аудардық.

Ал тұрғындардың ең сүйікті жерінің бірі – қалалық саябақты ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі басқармасының қызметкерлері қоқыстан арылтты. Басқарма бұл аумаққа 4 жыл бойы жауапты. Күн жылыса, петропавлдықтар ең алдымен осы жерге келеді дейді олар. Сондықтан саябақтың тазалығы маңызды.

Қазбек Бытышев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша басқармасының консультант-инспекторы:

– Бүгін бірінші сенбілікке шықтық. Толық құрамда тазалыққа кірістік.

Алғашқылардың бірі болып өздеріне бекітілген аумақты қыстан қалған қоқыстан арылтуға қала әкімі аппаратындағылар да жұмыла кірісіп кетті. Оларға халық көп шоғырланатын Вокзал маңайынан «Пирамида» сауда үйіне дейінгі аралықты тазалау тапсырылған.

Азамат Қали, Петропавл қаласы әкімі аппаратының маманы:

– Петропавл қаласы  – біздің ортақ үйіміз. Әр тұрғын өз үйіндей қаламызға ұқыпты қарап, тазартса бәрімізге жақсы болады. Өйткені тазалық – денсаулық кепілі.

Қапшық, тырнауышпен қаруланған мектеп оқушылары да қоғамдық маңызды шарадан шет қалмады. Шәкірттер қар астынан шыққан қураған бұтақ, жапырақ, қалдықтарын жинастырып жатыр. Көшенің сиқын бұзып, сәнін кетіретін жағымсыз көріністі жою үшін белсенді жастар аз шаруа тындырған жоқ.

Дина Сыздықова:

-Мен осы қалада тудым. Туған қаламызды қалай аялайтынымызды сенбілікте танытып жатырмыз. Жинап тұрсақ деніміз сау болады. Қаламыз көркейе түседі.

Рахат Тайжанов:

-Біз таза ауамен демалғымыз келеді. Мектеп біздің екінші үйіміз. Мектепте уақытымыздың көп бөлігін өткіземіз. Сондықтан сенбілікке шығып отырмыз.

Меруерт Байзақ:

-Сенбілікке атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз. Жастар игі шараға бей-жай қарамаулары керек.

Жалпықалалық сенбілікке барлығы 35 мыңдай адам атсалысыпты. Ортақ шараға үн қоспағандар да болды. Мәселен, мына жерді сырт көзбен қарағанда аула емес, қоқыс орны ма деп қаласың. Салақтық танытқан Ахременко, 4 мекенжайының тұрғындары қарапайым тазалық ережелерін жат санайтын көрінеді.

Жеңіс Ермұқанов